Басты тақырыпЖезқазған

Текті сөздің мәйегін термелетіп…

    «Кен қопарып, жер қазған» кеншілер мекені – Сәтбаев қаласында ақын, жыршы-термеші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген  мәдениет қызметкері Шынболат Ділдебаевтың 80 жылдық  мерейтойы аясында ұйымдастырылған «Текті сөздің төресі – терме» атты жыршы-термешілердің республикалық байқауы ел жадында өрелі өнер мерекесі ретінде сақталып қалары анық. Көрермен көңіліне шуақ ұялатқан бәсекелі байқауға Қазақстанның 14 облысынан, Алматы және Астана қалаларынан 16 өнерпаз қатысып, бақтарын сынады.

Сыр сүлейлерінің сырбаз үні, батыстың баһадүрлер рухына тән тыңдарманды батылдыққа бағыттайтын ерекше әуені, шығыстың шырайы бөлек құйқылжыған әуезі, Арқаның адуынды һәм кең тынысты орындау мәнері әр қырынан жарқырай көрінген өнер сынына төрелік етуші қазылар қатарында кіл майталмандар болды. Нақтылай түссек, көрнекті ақын, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман төрағалық еткен құзырлы алқа құрамына Қазақстанның Халық ақыны, композитор Қонысбай Әбілов, ел мұрасын дәріптеу ісіндегі еңбегі дара өнерпаз, белгілі жыршы-термеші Елмұра Жаңабергенова, танымал өнер қайраткері, жыршы-термеші, профессор Амандық Көбеков және Шынболат шығармаларының шынайы насихатшысы, термеші Мұқаш Қожахметов енді.

Тағылымды шараның шымылдығы қала әкімі Асқар Ыдырысовтың құттықтау лебізімен түрілді. Көксегені бірлік, аңсағаны елдік мұраттары болған, бастары «ноқтаға сыймаған» қайран бабалардың маржандай туындыларының Қаныш қаласының төрінде орындалуы шаһар тұрғындары үшін баға жетпес мерей боларын атап өткен Асқар Абылайұлы аталмыш өнер жанрында ұлттық кодтың сақтаулы екендігіне назар аударды. Қатысушыларға сәттілік тіледі. Ұлт мүддесін ұлықтаған Жүрсін Ерманның иығына оқалы шапан жауып, лайықты құрмет көрсетті.

Өз кезегінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев аталмыш іс-шараның жалпы қоғамға рухани серпіліс берердей күш-қуатқа ие екендігін тілге тиек етті. Бағалы байқаудың өз деңгейіне өтуіне облыс әкімінің тілек қосқанын да жеткізді. Содан кейін қалың қауым Жүрсін Ерманның кестелі тілмен өрбіткен өнегелі сөзіне ықыласпен құлақ түрді. Көрермен ҚР Мәдениет және спорт министрінің байқауға қатысушыларға жолдаған Алғыс хатының мәтініне құлақ түріп, риза пейіл танытты. Жергілікті өнерпаз Рысбек Тақашевтің Шынболат рухына бағыштаған арнау жырын да жұртшылық аса жылы қабылдады.

Жарасымды іс-шараны жүргізу тізгінін белгілі ақын Серік Қалиевтің Алматыдан арнайы келіп ұстауы көрермен көңілінде әдемі әсер қалдырды.

Конкурстың алдын ала бекітілген шарты бойынша әр қатысушы екі термеден орындады. Олардың бірі еркін тақырыпта болса, екіншісінде Шынболат шығармаларынан қамтылу талабы қойылған екен. Байқау барысында осы шарттылық мүлтіксіз орындалып, көнеден жеткен есті сөзбен қатар, Шынкеңнің шырайлы туындылары да молынан әуеледі және орындаушылар бірінің айтқанын екіншісі қайталаған жоқ. Осы орайда, термешілердің өз орындауындағы жыр-толғауларды тек домбырамен ғана емес, сырнай және қобызбен сүйемелдегені байқаудың бәсін арттыра түсуге дәнекерлік еткенін айта кету ләзім.

Тәлімді сөздің мәйегін термелеген өнер додасының қорытындысында қа­тысу­шылардың ешқайсы да сыйақыдан құр алақан қалмады. Оған қоса, бәріне де Алғыс хаттары табыс етілді. Талабында от ұшқыны барларына 35 мың теңгеден ынталандыру сыйлықтары берілді.

Байқаудың бас жүлдесі – 1 000 000 теңгені Жайықтың жағасынан келген ең жас  қатысушы, атыраулық термеші Гүлдана Тайырова жеңіп алды. І орын (300 000 теңге)  Ақмола облысының үкілі үміті Айнұр Қонысбаеваның еншісіне бұйырды. ІІ орынның жүлдесі (200 000 теңге) қызылордалық  Марат Сүгірбайдың қанжығасына бөктерілді. Ал, әрқайсысы 100 000 теңгеден белгіленген ІІІ орынның екі жүлдесін павлодарлық Талғат Бланкин мен маңғыстаулық Темірбек Асқамбаев тең бөлісті. Шынболат Ділдебаевтың әулеті және туған-туыстары тағайындаған  200 000 теңгелік арнайы жүлде Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Абылай Бектасовқа бұйырды. Сәтбаев қаласының атынан байқаудан тыс өнер көрсетіп, көрермен көзайымына айналған жас термеші Рысбек Тақашевке Жүрсін Ерман 100 000 теңгені өз қалтасынан суырып берді.

Дүбірлі додада, ең бастысы, ұлтымыздың өзгеше болмысты өнері – жыр-терме мен толғаулардың өміршеңдігі тағы бір мәрте айшықты түрде айғақталды. Шынболаттың шырайлы шығармалары айрықша әспеттелді. Қысқаша түйіндеп, Жүрсіннің сөзімен айтсақ, «Әркімнің қолы жете қоймайтын биіктікті бағындырып кеткен, ел көлемінде бетке ұстауға лайықты тұлға – Шынкеңнің тамаша туындылары байқауға қатысушылардың орындауында енді Қазақстан аумағына кеңінен тарайтын болады».

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

Суретті түсірген

Н.Қонысбай.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button