Жаңалықтар

Текпен келген дарын

«Атамұра» ұлттық қолөнер орталығына жетекшілік етіп, қолының ебі бар балаларды ағаш пен темірден түрлі бұйым жасауға баулып жүрген белгілі бесаспап шебер Қылышбек Құрмантегі алпыс жасқа толып отыр. Ұлттық өнерді өлтірмей жүрген өнер иесінің шеберханасынан түрлі шедеврлер шығып жатыр. Әсіресе, өзі қайыстан өріп, сабын былғарымен қаптап, оны күміспен күптеген қамшысы қазіргі тілмен айтқанда, «хит» болып жүр.

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Мерейтой иесі тек қолөнер шебері ғана емес. Көнеден келе жатқан көшелі кәсіп түрі ұсталықты да қоса алып жүр. Тегінде бар дүние текке жатпасы анық. Бұл өнер арғы бабасынан дарып тұр. Заманында Арқа атырабына аты жайылған ұста Құлмағанбет Байбақыұлынан (1827-1893). Құлмағанбет ұстаны 1883 жылы Омбы қаласында өткен көрмеде оны Буланже деген француз фотографы шырт еткізіп, суретке басып алған екен. Соның көшірмесін шеберханасының қабырғасына бойтұмардай іліп қойыпты. Суреттің жанында атасының алтын қолынан шыққан қымыз құятын ожау ілініп тұр.

– Бұл қымыз ожау – қайыңның тамырынан (безінен) ойып жасалған. Қазақтың қолөнерін Еуропаға алғаш таныстырған темір ұста, зергер, ағаш шебері, өрімші, ерші, атақты ұста Құлмағанбет Байбақыұлы бабамыздың өз қолымен жасаған көп жәдігерлерінің бірі. 1995 жылы осы ожаудың көшірмесін жасап, ақша беріп, Омбы музейінің қызметкерлерінен алдық. Ол жерде әлі көп заты тұр. Ертоқымы, жүкаяқ, асадал, ағаш төсек, ыдыс-аяқтары, оюланған он екі қанатты киіз үйі, зергерлік бұйымдарын қайтармады. Бұл көненің көзі – бабамыздан қалған құн жетпес мұрасы, 140 жылдан асқан, біраз жарылған жерлерін жөндеп, осы ожауды бойтұмардай іліп қойдым, – дейді ұста Қылышбек.

Қылышбек ұстаның өзінің туған топырағы Баянауылда бабаларынан мұра болып қалған ұстаханасы бар. Былтыр жөнге келтіріп қойыпты. Көрікке арнап, Түркиядан арнайы қалың былғары алдырыпты. Қазақстанда жоқ көрінеді. Биыл сонда барып, іске қосып, ас бермек ниеті бар.

Алғашында етікші болып бастаған ол кейіннен ағаш өңдеу­ді қолға алады. Осыдан 30 жыл бұрын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 135 жылдығына орай Павлодар облысы бойынша шеберлер арасында байқау өтетінін естиді. Сол жолы бас жүлде алып, бір жарым айдан соң қазақ құрылтайына қатысады.

«Құрылтайдан келгенімде сол кезде аймақ басшысы болған Ғалымжан Жақиянов мені зор қуанышпен қарсы алды. Өнеріңді одан әрі шыңда деген мақсатта Баянауылда бос тұрған сегізжылдық мектептің ғимаратынан маған орын берді. Өкінішке қарай, белгісіз жағдайда іштегі құрал-саймандарым, жасаған барлық затым жанып кетті. Сол оқиғадан соң көп уақыт қолөнерге жақындамадым. Іштегі қалауымды тыңдап, ауданнан Павлодар қаласына келіп, жиһаз жасаумен айналыстым. Қала орталығынан бір бөлмені жалға алып, қайта ағаш өңдеу ісіне көштім. Содан бері қолөнерден қол үзген емеспін», дейді өткенін еске алып шебер.

«Атамұра» ұлттық қолөнер орталығы 2022 жылы ашылған. Содан бері қолөнер шебері Қылышбек орталықта жүріп-ақ, небір шәкірт тәрбиелеуде. Шебер шәкірттері тек Қарағанды қаласынан емес. Абай, Саран шаһарларынан да келіп астабақ, ат әбзелдері, ожау, домбыра, сандық, кебеже жасауды үйреніп жүр. Мұнымен қоса, жүзік, сақина, сырға, шолпы, салпыншақ соғу ісін де біртіндеп меңгеріп келе жатқанын айтады ұста.

– Елордада өткен «Экспо – 2017» көрмесінде күміс медаль алдым. Ол жерде ұлттық өнерді ұлықтадым. Негізінде көрмеге көне жәдігерлерді дайындап, ел назарына қойдым. Сол уақытта ұлттық қолөнер орталықтарын ашу туралы айтылды. Маған министрлік тарапынан бірнеше ұсыныс түсті. Туған жерім де жібергісі келмеді. Оңтүстіктен де шақырту алдым. Дегенмен, жаныма жақын Қарағандыны таңдадым. Осында келіп шәкірттер тәрбиелеп жатырмын, – дейді шебер.

Алғашында қолөнер орталығына алпысқа жуық бала келіп жүрген. Кейіннен іріктеліп 20 бала қалған екен. Алыс-жақыннан ат арытып шәкірт болғысы келгендер де бар көрінеді. Мәселен, 600 шақырымды артқа тастап Ұлытау облысынан Серік, Ерғазы деген екі жігіт шеберден тәлім алып кеткен көрінеді. Екеуі де қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, өз ауылдарынан шеберхана ашпақшы екен.

Шеберханасындағы үстел үс­тінен бірнеше домбыраны кезіктірдік. Әбден ескірген. Қаңқасы ғана қалғаны да бар. Сөйтсек, Қылышбек шебер ескіні жаңалап, кәдеге қайта жаратады екен. Бұл да қолөнер шеберінің тағы бір қыры десе болатындай.

«Былтыр 23 желтоқсан күні қоқыстан тауып алдым. Сол домбыраны «Атамұра» қолданбалы қолөнер үйірмесінің жетекшісі, қазақ көне ағаш шебері Қылышбек Құрманов бауырыма жөндету үшін апарып бергенмін. «Домбыраңыз дайын» деген соң барып едім, домбыраны қолыма табыс етті. Домбыраның күмбірлеген дауысын естіп, алғысымды айтып, батамды беріп үйге келдім», дейді Қарағанды тұрғыны Сәкен Келдібаев.

Шебер тек ескі домбыраны қалпына келтірмейді. Кез келген көнерген бұйымыңызды жаңартып береді. Мәселен, «атамнан қалған мұра» еді деп, ертоқым, басқа да ат әбзелдерін әкеліп, жалт-жұлт еткен дүниесіне таңданыс білдіріп кеткендер қаншама?!

– Бір жылы Қытайға бардым. Бір қаласынан қазақтар салған үшқабатты киіз үй пішінінде салынған ғимаратқа кірдік. Ішінде ұлттық өнердің жеті атасы бар. Ұстахана, ұлттық киім тігетіндер бөлмесі, қолөнершілер бұрышы. Біреулер темір қыздырып, төске салып ұрып жатса, бірі қайыс тіліп жатыр, енді бірі ою ойып әлек. Қатты қызықтым. Шіркін-ай, бізде де осылай ұлттық құндылықты дәріптейтін ғимараттар салынса ғой, – деген арманы барын айтты Қылышбек Құрмантегі.

Қылышбек шебердің шәкірті Сартай Аманқұл ұстазының дәрісінен қалып көрген емес. Абайдан қатынайды. Ұстаз­ынан ұсталықты да, шеберлікті де бойына сіңіріп жүр. Сартай жазғы демалыста нағашыларының ауылына барып, өз қолымен көрік дайындап, пышақ жасайды. Жас шебердің пышағын, ноқта, қамшысын ауыл жұрты кәдеге жаратып келеді. Осыдан-ақ, Қылышбек ұстаның мынандай ұстанымын анық аңғаруға болады: ол – өзінен озатын шебер шәкірттер тәрбиелеу. Сол арқылы ұлттық өнерді өркендету. Әңгімесін осылай қайырған Қылышбек шебер шаруасына кірісті. Анау бір қоңыр домбыраның ағашын қайта сүрлеуде. Қасындағы екі шәкірті ағаш табақтың ортасын жонып жатыр. Біздің де осы бір тартымы көрініске көзіміз тояр емес…

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button