Жаңалықтар

Технология ренессансы

Мұнда инженер мамандығы қайтадан сәнге айналып келеді. Құдды бір кешегі күндер қайта туғандай. Бірақ, мүлде жаңа сипатта. Сонымен, ХХІ ғасыр өзінің ғажайыптарымен қоса келді. Өндірістік кодты QarTech инженерлері жазып жатыр.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

– Біз тегінде код жазып, технология тетігін ғана енгізбейміз, біз жаңа өндірістік мәдениет қалыптастырамыз! Бұл – біздің әлемге паш етер инженерлік ұранымыз! – дейді хаб өкілдерінің бірі.

Иә, біз хабтан хабар алып тұрмыз. Қарағандыдан сөйлеп тұрмыз! Өйткені, бұл атырап төрт кластер, ондаған зертхана және шексіз мүмкіндіктер мекені. Инженерлер иін тіресіп, сандық форматтағы инновациялық идея атаулысын өндірістік шешімдер шідеріне байлап матады. Бір сөзбен мұны «Өндіріс 4.0» дейміз. Яғни, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті аясында құрылған QarTech хабы аймақтың өндірістік секторын қайта бағдарламалауға жең түрініп кірісті. Демек, ғылым мен ірі бизнестің басын қосқан бұл алаң қалайша өңірдің цифрлық форпостына айналғанына дүрбі тастап көрелік.

Елестетіңіз. Сіз қағаз жүзінде қалып қойып жатқан сандаған идеяларды қас қаққанша қорытып алып, өңірдегі алпауыттар назарына ұсынып қана қоймай, зауыт-фабриканың үдерісіне теңдессіз технократтық тетік енгізіп жатырсыз делік. «Мәссаған, безгелдек!» дейді ғой мұндайда әйгілі Кристиан Андерсен өз ертегілерінің бірінде. Тек мұндағы үдеріс ертегі емес, шынайы өмірдің өз келбеті. Сонымен, Сіз әп-сәтте идея жаратып, құндылық тарататын шебер болып, жаһанға зияткерлік шақыру жасайсыз! Ал, шынтуайтында игілік жарататын инженерлер шоғыры тау­кен ісінен бастап, экологияға дейінгі салаларды цифрландырып жатқан бұл орталық мұқым елге үлгі болып келеді. Мұны айтпағымыз, белгілей кеткеніміз ләзім.

QarTech: Болашақ инженерлер мен «ақылды» өндірістің тоғысқан жері. Ғылыми зертханадан нақты зауытқа дейінгі ең қысқа жол осы тұста. Және бұл жол ескірген қағидаттарды қылтасынан қиды. Болашаққа көпір жалғады. Ғылым мен тәжірибені ұштай түсті. Кенді кен қылатын, елді ел қылатын – екі пайыз. Сол екі пайыздың бірі осы – инженерлер, екінші пайызы – оны іске асыратындар деген ой тұжырамыз. «Бүк түсті, шік түсті!» деп асық иіріп, болжам жасамайды енді кеншілер қауымдастығы.

«Құт түсті!» деп мағмұрланар. Өйткені, Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Президенттің парасатты пәрмені өркенді өндірісшілер жұртына құдірет берді, құзырет берді. Соған сай бірқатар тапсырма да берді. Тапсырма орындалды. Өңдеу өнеркәсібіндегі 6%-дық өсім мен ондаған жаңа инвестициялық жобалар аймақтың экономикалық тұрақтылығын дәлелдеді. Облыс өнеркәсіптік революцияның эпицентрі болады. Роботтандырылған дәнекерлеу, «ақылды» шахталар мен цифрлық егіздер – бұл ғылыми фантастика десек те, облыс кәсіпорындарының күнделікті шындығы десек те жараса кетер.

Қош, енді төрткүл дүние­нің төріне төрттағандап бекіген төртінші өнеркәсіптік революция­сы – физикалық және цифрлық әлемдердің бір нүктеде тоғысуы. Жасанды интеллект, индустрия­лық интернет (IIoT), цифрлық егіздер, роботтандыру және болжамды сараптама бір арнада қозғалады. Қазақстан Республикасында бұл туралы 2017 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде айтыла бастаған-тын. Бірақ, дәл қазыналы Қарағанды өлкесі 4.0 технологиялары нақты секторда жаппай енгізіліп жатқан басты алаңға айнала білді. Жұмысы да көл-көсір, ырысы да көл-көсір. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 1,4 трлн теңгеге жетіп жығылды. Оның ішінде, 279 млрд теңге 28 өнеркәсіптік жобаға бағытталды. 2031 жылға дейін 4,3 трлн теңгеге 108 инвестициялық жобаны іске асырып, шамамен 11 мың жұмыс орнын ашу көзделді.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев стратегиялық бағытты баса белгіледі.

– Биыл біз экономиканың өсу қарқынын кемінде 7% деңгейінде сақтауды қамтамасыз етуіміз қажет. 1,9 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту міндетін қоямыз. Негізгі назар өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жаңа өндірістер ашуға және кәсіпкерлікті қолдауға аударылады, – деді аймақ басшысы.

Иә, «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді». Төбеден төскейге орнаған «төртінші өнеркәсіп» төрге озды. Саусақ бүгелік, санамалайық. «Алтыналмас» акционерлік қоғамы «Цифрлық фабрика» аясында 11 жобаны сәтімен іске асырды. Жасанды интеллект пен толық автоматтандыру қолданыста бекіді. Сәйкесінше мұнда өнімділік пен қауіпсіздік еселеп артты. Maker жауапкершілігі шектеулі серіктестігі роботтандырылған дәнекерлеу кешендерін енгізді. Qarmet металлургиялық комбинаты диспетчерлік-аналитикалық орталығын іске қосты, цифрлық есеп жүйелерін жиынтықтады. «Шұбаркөл көмір» акционерлік қоғамы өкілдері автоматтандырылған басқару жүйесін енгізіп, өнімділікті бірден 12%-ға арттырды. «Қазақмыс» компаниясы болса, персоналды позициялау және деректерді басқару жүйелерін тізгіндеп үлгерді. Eurasian Foods холдингі және «Қазпромавтоматика» серіктестігі «ақылды қойма» және энергия менеджменті жүйелеріне еге болды. Соңыра таман, шығындар азайды, өнімділік артты, қауіпсіздік пен экологиялық тиімділік күшейді. Несібесі артты, көсегесі көгерді, көсеуі ұзарды.

Мұнымызбен де бір аялдауға болатындай еді. Есесіне, қызыққанның үстіне қызығып, ойланған үстіне ойлана тұрғанымызда сана түпкіріне «Алдымызда не күтіп тұр?», «Енді не болады?» деген сауалдар легі кесе-көлденеңдейді. Әлбетте, әу басында өнеркәсіп алыптарының албары кеңейе түсетіндігін көзіміз көріп келеді. Сандық технология тың шешімдерге ерік береді. Кәнігі сарапшылардың пікірінше, басты мәселе – технология емес, кадрлар мен енгізу жылдамдығы. QarTech форумында айтылғандай: «ғылыми идеяларды өндірістік шешімдерге тез айналдыратын жүйе қажет».

Ал, QarTech – елдегі алғашқы 4.0 хабы. Феноменнің басты айшығы – QarTech аймақтық инновациялық-индустриялық келбетінде екендігі. Хаб төрт негізгі кластерді қамтиды. Тау-кен және металлургия өнеркәсібі, көмір химиясы және жаңа материалдар, Өндіріс – 4.0 және автоматтандыру, экология және қалдықтарды басқару. Мақсат – ғылыми идеядан өндірісте енгізуге дейінгі жолды қысқарту. Мұнда зертханалар, әлемдік технология­лар орталығы, конструкторлық бюро және алюминий технологиялары орталығы жұмыс істейді.

– QarTech – бұл өнеркәсіп, ғылым және мемлекет арасындағы жүйелі өзара іс-қимылдың тиімді құралы. Біз ғылыми идеялардың нақты сектор үшін дайын технологиялық шешімдерге жедел айналуына жағдай жасап жатырмыз. Хаб бүгінде нақты нәтижелер көрсетуде: зертханалардан бастап, кәсіпорындарда енгізуге дейінгі толық циклді қамтиды. Ең бастысы – бизнес сұраныстары негізінде бірлескен жұмыс, – деп ой тұжыр­ды Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ректоры Сәуле Сағынтаева.

Сонымен, зердемізде зейін шақырар соңғы сауал тұралады. «Неге феномен?» деген. Бұл сөздің де жаны бар. Қарымтасы р­­етінде «тоғызыншы өңір» экономикамыздың жалғыз тірегі емес болар» деген уәж де оралары һақ. Құп. Салыстыралық, салғастыралық. Алматы. «Төртінші өндірістің» екінші бір полюсі. Егер де Қарағанды ауыр өнеркәсіптің тереңдеген цифрлық феномені болса, онда Алматы цифрлық идеялар, форумдар және жоғары технологиялық сервистердің орталығы ретінде төбе көрсетіп тұр. Қарағанды нақты өндіріс көлемі бойынша көш бастап тұр (металлургия, тау-кен өндірісі, машина жасау). Былтырдың өзінде мұнда қара металлургия, құбыр өндірісі, ферросилиций секілді ірі инвестициялық жобалар іске қосылды. Ал, Алматы – ауыр индустриясы аз аймақ. Мұнда басымдық IT, финтех, креативті индустриялар мен жеңіл өнеркәсіпке берілген. Сондықтан, Алматының өнеркәсіп өндірісі көлемі айтарлықтай төмен.

Қарағандыда өндірістің өзінде технология енгізуге бағытталған бірегей QarTech аймақтық индустриялық хабы бар (IIoT, болжамды аналитика, тау-кен көлігін автоматтандыру). Ал, Алматы болса, ірі халықаралық форумдар өтетін алаң. Соның ішінде, Digital Almaty 2025. Мұнда трендтер талқыланып, с­тартаптар таныстырылып, ұлттық саясат қалыптасады, бірақ, ауыр өндірісте нақты енгізулер аз. Қарағанды зауыттар мен шахталарды жаңғыртуға миллиардтаған инвестиция тартады (Qarmet, Шұбаркөл көмір, Алтыналмас және т.б.). Нәтижесінде өндіріс өнімділігі артып, қауіпсіздік деңгейі жоғарылайды. Алматы цифрлық инфрақұрылымға, дата-орталықтарға және IT-экожүйеге инвестиция тартып, елдің зияткерлік орталығына айналуда.

Демек, Қарағанды дәстүрлі өнеркәсіптің түбегейлі трансформацияланатынын дәйектеп отыр. Алматы жаңа трендтерді қалыптастырып, білім мен инновация экожүйесін құруда. Екі бірегей өңір де бір-бірін толықтырады: бірі «темірді» ақылды технологиямен шыңдаса, екіншісі идея мен кадрларды қалыптастырады.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button