Техникалық мамандардың ұстаханасы
Бұрынғы тау-кен техникумы, қазіргі Қарағанды политехникалық колледжі облысымыздағы орта арнаулы білім беру саласындағы ең байырғы және ең беделді оқу орны болып табылады. Өткен аптада білім ордасының құрылғанына 85 жыл толуы салтанатты жағдайда атап өтілді.
Қарағандының
құрдасы
Көмірлі қаламызда өзінің бастау бұлағын Қарағанды тас көмір бассейнінің өнеркәсіптік негізде қауырт игеріле бастаған 1930 жылдардың басымен байланыстыратын санаулы-ақ мекеме, кәсіпорындар бар. Саусақпен санарлық деуге болады. Жамбыл атындағы №7 мектеп-интернат, Cәкен театры, Костенко шахтасы, облыстық «Индустриальная Караганда» және «Орталық Қазақстан» газеттері, бұрынғы тау-кен техникумы Қарағандының құрдасы болып табылады.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Қарағандыны бүкілодақтық үшінші көмір ошағына айналдыру ұранына сәйкес кенші мамандарын даярлайтын оқу орны ауадай қажет болды. Осы мақсатпен 1931 жылы қазан айында «Қарағандыкөмір» тресінің жанынан құрамында кен-өнеркәсіп училищесі мен тау-кен техникумы бар оқу-өндірістік комбинаты құрылады. Сол кездегі саясатқа сәйкес басқа өңірлерден жұмыс іздеп келгендер көп болғанымен жергілікті ұлт кадрларын кенші мамандығына баулу қажет болды. Мәселен, алғашқы жылдары 60%-ын қазақтардан, 10%-ын шығыстың аз халықтарынан қабылдау мақсаты қойылыпты. Техникумда алғашқылардың бірі болып дәріс алған академик, Социалистік Еңбек Ері Әбілқас Сағынов өзінің мемуарлық кітабында сол кездегі жағдайды былай еске алады: «Сабақтар техникумда жаңадан салынып жатқан №31 шахтаның жанындағы бірнеше саман үйлерде жүргізілді. Техникум оқушыларының тұрмыстық жағдайы мәз емес еді. Бір бөлмеде 30-35 адам жататынын айтсақ та жеткілікті. Техникумға, оның жатақханасына қала мен көмір бассейнінің басшылары, атап айтқанда, трест басшысының орынбасары Ж.Сұлтанбеков (1937 жылы репрессияға ұшыраған қазақ арыстарының бірі, жазушы Б.Майлиннің жан досы, А.Ж.), трестің алғашқы басшысы К.О.Горбачев, трест кадрлар бөлімінің бастығы Н.Кадаленко жиі келіп, оқушылардың тұрмысымен және оқуымен танысып тұрды».
Осының өзінен-ақ оқу орнының Қарағанды үшін маңызын түсінуге болады. Көп ұзамай жаңа қаладан техникумның сол кездегі үлгімен ең сәулетті ғимараты салынады. Бұқар жырау даңғылындағы ғимарат әлі күнге дейін колледждің негізгі мекені болып отыр.
Содан бері өткен мерзімде оқу орнында халық шаруашылығына қажет талай мамандықтар ашылды. 85 жыл ішінде 30 мыңнан астам мамандар даярланды. Олар бүгінгі колледждің басты мақтанышы. Техникумның даярлық курсында Кеңес Одағының Батыры Н.Әбдіров те оқыпты. Жоғарыда аты аталған Ә.Сағынов, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ғ.Құсжанов, білікті инженерлер Ж.Серғазин және т.б. Днепропетровск тау-кен институтына жолдама алған. Техникумның алғашқы түлектері Б.Спатаев, Ә. Әлиханов тиісінше шахта директоры, облыстық партия комитетінің хатшысы дәрежесіне дейін жетті. Оқу орны Социалистік Еңбек Ерлері, өндіріс командирлері Ж.Үрістемов, А.Фомичев, Қ.Көрпебаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары А.Романюта, Н.Дрижд, шахтада ерлік көрсетіп, жолдастарын құтқару жолында қаза болған, Ленин орденді кенші И.Лобода, ірі ұйымдастырушылар: облыстық атқару комитетінің төрағасы болған З.Іңкәрбаев, мемлекеттік қызметшілер Ә.Құсайынов, Б.Уахитов және т.б. жүздеген, мыңдаған түлектерін мақтан етеді. Араларынан талай майталман өндіріс мамандары, ғалымдар мен ұстаздар шықты. Олар туралы деректер оқу орнының мұражайында көрнекті жерде орналасып, бүгінгі жастарды жасампаз істерге жігерлендіре түседі.
Дәстүр жалғастығы
Колледж тарихы ел тарихымен, оның тағдырымен тығыз байланысты. Алғашқы бесжылдықтар қиындығы, Ұлы Отан соғысының ауыр жылдары, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңдерін бастан өткізді. Арайлап тәуелсіздіктің де таңы атты. Оқу орны жалғыз көмір өнеркәсібіне ғана емес, өмір талап еткен, өндіріс қажет еткен талай мамандықтар ашты, соған сай білікті мамандар қолына диплом ұстатты.1962 жылы үздік жетістіктері үшін тау-кен техникумы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Оны әр жылдары Қарағандыға кеңінен танымал Г.Иванченко (1944-1954жж.), П.Егоров (1954-1980 жж.), Г.Ночевнев (1980-1987жж.) сияқты азаматтар басқарды. Бірде-бір қазақ басшысы болмапты. Тәуелсіздік алған жылдары «қазақтар ел басқара алмайды» деп тасадан тас атқандар да табылған.
– 1992 жылы әріптестерім мен облыс басшылығы осы қызметті ұсынғанда алдында тартынған едім. Кен инженері, ғылым кандидатымын. Политехникалық институттың сопроматтан (материалдар кедергісі) сабақ беремін. Техникумды менсіне қоймаушы едік. Бірақ жаңағыдай сөздер намысқа тиеді екен. Оның үстіне «қайта құрамыз» деп жүріп құртып ала жаздаппыз. Техникум жабылып қалу алдында тұр екен. Ұжыммен бірге аянбай тер төгуге тура келді. Нарықтық қатынастарға сәйкес жұмысты мүлде жаңаша құрдық,– дейді колледждің 1992-2016 жылдарғы директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зекен Рахимов.
Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіздіктің ширек ғасыры ішінде бұрынғы тау-кен техникумы адам танымастай өзгерді. Оқу орнында бүгінде 16 техникалық мамандық бойынша 4 мыңнан астам оқушы білім алуда. Колледждің заманауи оқу-өндірістік кешенінде төрт оқу ғимараты, 120-дан астам оқу дәрісханалары, 29 зертханалар мен полигондар, 15 компьютерлік сынып, механикалық шеберханалар, 176 мың астам жалпы кітап қоры бар екі кітапхана және оқу залдары, мультимедиалық залдары, жатақхана, екі медициналық кабинет, спорт кешені, Қарқаралы таулы аймағында сауықтыру орны бар.
Колледждің оқытушылары тәжірибе алмасу мақсатында Швецияда, Германияда, Түркияда, Ұлыбританияда болып қайтты. Колледжге Швециядан, Финляндиядан, Ұлыбританиядан, Норвегиядан делегациялар және басқа да шет ел мемлекеттерінің сарапшылары келді.
Оқу үрдісін оқытудың дуалды жүйесінде қайта құру мақсатында тәжірибе өту кәсіпорындарының аясы кеңейтілді, әлеуметтік серіктестіктермен ынтымақтаса жұмыс істеу жолға қойылды. Студенттердің оқу-өндірістік тәжірибені өтуі үшін колледж іргесінде заманауи қондырғылармен жабдықталған оқу полигондары жасақталды. Бұған қоса колледжде Студенттік конструкторлық бюро және Студенттік ІТ орталық құрылды. Бұл шығармашылық орталықтардың өнімдері бірнеше рет Республикалық көрмелерге шығарылды және кәсіпқой шеберлердің жоғары бағаларына ие болды.
Колледжде құрылған Бизнес-мектепке Қарағанды облысының аймақтық ресми серіктестігі мәртебесі берілді. 2016 жылдың маусым айында колледж «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Электр станциялары мен тораптарының электржабдықтары», «Төтенше жағдайларда қорғану» мамандықтары бойынша институтционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден өтті. 2008 жылы колледжде СТ РК ИСО 9001-2001 стандарттарының талаптары негізінде Сапа менеджментінің жүйесі енгізілді.
Білім ошағының басты тұлғасы, әрине ұстаздар. Қазіргі таңда мұнда үш жүздей оқытушы, әдіскерлер ізденіспен еңбек етіп, шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие беруде айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Осында 40 жыл еңбек еткен математик Түсіп Беков, жиырма жылдан астам ұстаз болған Рахима Жұмабекова, Зоя Асташова, Инна Кауль, Надежда Попова, Наталья Богданова, Бану Әлімжанова, Татьяна Кубрак, Тілеулес Баянова, Гүлнар Садықова сынды ардагер ұстаздар – колледждің бетке ұстарлары. Олардың істерін дәстүрге сай жас педагогтар лайықты жалғастыруда.
Салтанат сәті
Міне, көптен күткен салтанатты сәт те келіп жетті. Колледждің акт залына қадірлі қонақтар, оқу орнының даңқты түлектері, әлеуметтік әріптестері, облыстық білім басқармасының, колледждердің басшылары, ұстаздар мен оқушылар жиналды. Заманауи лазерлік технологияны қолдана отырып, сахнаны, экранды жарқырата отырып неше түрлі әуендер, колледж тарихына байланысты бейнелер, тарихи фотосуреттер көрініс берді. Колледждің 85 жылдық мерейтойымен жиналғандарды облыстық білім басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетов, колледждің қазіргі директоры Жанар Рахимова, білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподақ комитетінің төрайымы Татьяна Самойлюк, оқу-әдістемелік орталығының директоры Дана Асакаева құттықтап, колледждің ұлағатты ұстаздары мен таңдаулы қызметкерлеріне Алғыс хаттар мен гүл шоқтарын ұсынып жатты. Әріптестеріне құттықтау сөздерін Қарағанды колледждерінің директорлары Б.Шаяхметов пен С.Балабекова да арнады.
Оқиғалар шежіресін қамтитын сахнадағы көріністер де толғандырмай қоймайды. Колледжде 1996-2000 жылдары республикада тұңғыш кеден ісі, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, төтенше жағдайларда қорғану сияқты жаңа мамандықтар ашылады. Оқу орнына үкімет басшысы К.Мәсімовтен бастап бірнеше орталық органдардың басшылары, ҚР білім және ғылым министрлері, шетелдік өкілдер келген. 2013 жылдың 11 қарашасында Ресейдің Екатеринбург қаласында РФ мен ҚР басшылары В.Путин мен Н.Назарбаев қатысқан шекаралық ынтымастықтың Х форумында Қарағанды политехникалық колледжі атынан оның директоры З.Рахимов «Рост-Өрлеу» Ресей және Қазақстан өнеркәсіп колледждерінің қауымдастығын құру туралы келісімге мемлекеттердің басшыларымен бірге қол қойды. Бұл оқиғалар колледж тарихына алтын әріптермен жазылып қалды.
Енді бір сәтте колледжді ширек ғасыр басқарған Зекен Рахимов сахнаға бір топ ардагерлерді ерте келіп, КСРО Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте иегері, профессор Н.Дрижд бастаған байырғы түлектерге, оқу орнының қазіргі әлеуметтік әріптестері өкілдеріне Мәскеудің монета сарайында арнайы шығарылған, колледждің 85 жылдығына арналған естелік медальдарды тапсырды.
Салтанатты жиын колледж студенттерінің күшімен қойылған концертке және жарқыраған лазерлік шоуға ұласты. Жүргізушілер атап өткеніндей, Қарағанды политехникалық колледжі өзінің 85 жылдық тарихында техникалық мамандықтар бойынша еңбек нарығында өз орнын табатын мамандар даярлау жолында үлкен істер атқарды. Оны шын мәнінде «техникалық кадрлардың ұстаханасы» деуге болады. Мерекеңмен, Қарағанды құрдасы!
Аман ЖАНҒОЖИН,
ардагер журналист, Қазақстан
Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.