Ресми

Тегін жол жүруде мәселе көп

7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар Қарағанды қаласының қоғамдық көліктерінде 1 мамырдан тегін жол жүре бастаған еді. Бір ай уақыт аралығында электронды жүйеге байланысты бірқатар мәселенің шеті шықты. Атап айтқанда, балалардың картасыз жүретіндігі, кейбіреулері картасы бола тұра, терминалға баспайтындығы, тіпті карталары нөлдік теңгеріммен жүретіндігі секілді мәселелер алға шықты. Балалардың қай бағытта, қанша рет жүргені тіркелмегендіктен, тасымалдаушылар өтемақы алмай қалған. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде Қарағандыда 18 жасқа дейінгі балаларға тегін жол жүруді енгізудің аралық нәтижелері тақырыбы талқыланған брифингте айтылды.

Брифингке Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Темірлан Талдыбаев, «Алматы қаласы Көлік холдингі» ЖШС Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Георгий Когай, «Алматы қаласы Көлік холдингі» ЖШС Қарағанды облысы бойынша филиалының бақылаушысы Сергей Ким қатысты.

– Балаларға қоғамдық көлікте тегін жол жүру тәртібі енгізілгені белгілі. Жеңілдіктің басты шарты – көлік картасын рәсімдеу, автобустарда сапарларды тіркеу. Бүгінгі таңда 54 мыңнан астам балаға көлік карталары рәсімделді. Бұл тізім толық емес. Біздің есе­бімізше, Қарағанды қаласында жүз мыңға жуық көлік картасы рәсімделуі керек, – деді Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Темірлан Талдыбаев.

ONAY! қызмет көрсету орталығында 54 мыңнан аса бала картасы рәсімделді. Осы жылдың басынан бастап, сапарлар 44 мыңға жуық картамен жасалады.

– Ақпараттық науқанға және қызметтің қолжетімді болғанына қарамастан, тексеріс кезінде ата-аналардан баласының картасын шығару ғана талап етіледі. Өкінішке қарай, көптеген жолаушылар ережелерді елемейді. Балаларға жол жүру тегін екенін естіген кейбір азаматтар сапарын тіркеуді тоқтатты. Бұл дегеніміз, электронды төлем жүйесі оларды жолаушы ретінде тіркемейді, ал тасымалдаушылар балалардың сапары үшін өтемақы алмайды, яғни машиналарды жөндеуге, жүргізушілер жалақыдан, отыннан және т.б. айырылады, – деді «Алматы қаласының Көлік холдингі» ЖШС Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Георгий Когай.

Ол сонымен қатар, балалар картасын рәсімдеу әрі қарай жалғаса беретінін айтты. ONAY! қызмет көрсету орталығына келіп, дүйсенбі-жұма аралығында карталарды рәсімдеуге болатынын, ол үшін балалардың туу туралы куәлігі мен фотосуреті қажет екенін еске салды. Оған қоса, бұл жеңілдік тек Қарағанды қаласының маршруттарында ғана қолжетімді екенін айтты.

Ал, «Алматы қаласының Көлік холдингі» ЖШС Қарағанды облысы бойынша филиалының бақылаушысы Сергей Ким қоғамдық көлікпен жол жүру кезінде балалар карта арқылы жол сапарын тіркемейтінін айтты.

– Біздің қызмет «Рейс» ЖМ, «Таксокомбинат-1», №5 автопарк қызмет көрсететін маршруттарда жол жүруді тіркеуді тексереді. Өкінішке қарай, әрбір екінші маршрутта біз балалардың сапарын картамен тіркемейтініне көз жеткіздік. Біз жолаушылар мен олардың ата-аналарына бұл не үшін қажет екенін сабырмен түсіндіруге тырысамыз, бірақ көпшілігі түсінбейді. Дауласа бастайды, дауыс көтереді, контроллерлерді шақырады. «Жол жүру тегін болады деп естідік. Міне, картасыз да тегін жол жүреді» дейді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жол жүру тегін болуы үшін сапарды терминалда тіркеу қажет екендігі туралы бірнеше рет хабарланғанымен, тұрғындар оны ескермейді. Ережелерді сақтау керек, өйткені тасымалдаушыларға төленетін өтемақы мөлшері қанша адамның жол жүргенін тіркегеніне байланысты», – дейді бақылаушы Сергей Ким.

«Алматы қаласының Көлік холдин­гі» ЖШС басшылығы қарағандылықтар­ды балаларға карталарды рәсімдеуге, тө­мендетілмейтін теңгерімді қадағалауға және автобустардағы валидаторларға карталарды тұрақты тіркеуге шақырады.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button