Тегін медициналық көмек тізімі қандай?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап, отандық денсаулық сақтау жүйесінде жаңа нормалар күшіне енеді. Мәжіліс пен Сенат мақұлдаған тиісті заң Президенттің қол қоюына жолданды. Жаңа нормаларға сәйкес, медициналық қызмет пакеті нақты бөлінеді. Десе де, азаматтардың сақтандыру мәртебесіне қарамастан көрсетілетін тегін медициналық көмек бар. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мемлекеттік бюджет есебінен көрсетіледі. Ол ел азаматтарына, қандастар, босқындарға. Сондай-ақ, елімізде тұрақты тұратын, тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үміт арта алады. Ал, елде уақытша жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, баспана іздеушілер қоршаған орта үшін қауіпті ауруларға шалдыққан жағдайда ғана аталған тегін көмекті алуға құқылы.

Көпшілік «сақтандырылмаған болса, емхана қабылдамайды» деп ойлайды. Бұл – қате пікір. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми дерегіне сәйкес, МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан көрсетілетін медициналық қызметтердің нақты тізімі бар. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне не кіреді?
Әуелі, жедел медициналық көмек. Жедел жәрдем шақыру ғана емес, санитарлық авиация қызметтері де кіреді.
Бастапқы медициналық-санитариялық көмек: учаскелік дәрігерлердің (жалпы тәжірибе дәрігері, терапевт, педиатр, медбике) қабылдауы, кең таралған ауруларды диагностикалау, емдеу, басқару, мақсатты топтарды алдын ала тексеру, иммундау, аурулардың қауіп факторларын ерте анықтау мен қадағалау, саламатты өмір салтын қалыптастыру мен насихаттау, репродуктивті денсаулықты қорғау шаралары, жүкті және босанған әйелдерді бақылау.
Амбулаториялық деңгейдегі мамандандырылған көмек: АИТВ мен туберкулездің алдын алу және диагностикалау, әлеуметтік маңызды және созылмалы ауруларды диагностикалау мен емдеу, жарақаттар, уланулар және басқа да шұғыл жағдайлар кезіндегі қызметтер.
Стационарды алмастыратын жағдайдағы мамандандырылған көмек: әлеуметтік мәні бар және созылмалы аурулары бар адамдар үшін күндізгі стационар қызметтері.
Стационарлық жағдайдағы мамандандырылған көмек: шұғыл көрсеткіштер бойынша госпитализация, қабылдау бөлімінде шұғыл диагноз қою мен емдеу, әлеуметтік мәні бар және сирек кездесетін (орфандық) аурулар бойынша жоспарлы госпитализация, жұқпалы немесе паразиттік ауру жұқтырған адамдармен байланыста болғандарды оқшаулау, жұқпалы немесе паразиттік ауруға күдікті немесе расталған жағдайдағы науқастарды жатқызу.
Медициналық оңалту: туберкулезбен ауыратын науқастарға көрсетіледі.
Паллиативтік көмек: уәкілетті орган белгілеген аурулар тізіміне сәйкес.
Қан және оның компоненттерімен қамтамасыз ету. Патологоанатомиялық диагностика.
Қайтыс болған донордан ағзалар мен тіндерді трансплантацияға дайындау: алу, консервациялау, дайындау, сақтау, тасымалдау.
Сондай-ақ, белгілі бір созылмалы аурулар тізіміне кіретін пациенттерге жеңілдікпен дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету қарастырылған.
Осы медициналық қызметтер азаматтарға МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан қолжетімді.
Орайы келгенде айта кеткен жөн, жаңа заңнамаға сәйкес онкологиялық скрининг міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінен кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі пакетіне көшірілді. Бұл бүкіл халыққа онкологиялық ауруларды ерте анықтау қызметтіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Тегін медициналық көмек алушылар қатары көбейеді. Министрліктің есептеуінше, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап шамамен 1 миллион адам жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізеді.
Биыл Қазақстанда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясындағы медициналық қызметтерге шамамен 1,63 трлн теңге бөлінген. Ал, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне 1,33 трлн теңге бағытталған.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»