Жаңалықтар

Тегін үлестіріп берді

Жасампаз істердің жаршысы болуға машықтанған Жаңаарқа ауданында Наурыз мейрамын тойлау аясында тағы бір тағылымды шара орнықты жүзеге асырылды. Оны ұлттық тағамдарды дәріптеу мақсатындағы аудан әкімдігінің тапсырмасына сәйкес, аудандық ішкі саясат бөлімі мен аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.

Ұлағатты ұстанымнан бастау алатын ізгі ниетті іске «Қарлығаш», «Ертөстік», «Ақерке», «Балдырған» және «Балауса» балабақшаларының ұжымдары білек сыбана кірісіп, 300 литрге жуық наурызкөже әзірленді. Барлық талаптарға сай келетін заманауи үлгідегі арнайы ыдыстарға құйылған қазақтың қастерлі асы аудандық аурухана қызметкерлеріне, ем алып жатқан сырқат жандарға, сонымен қатар, тұрғындарға тегін таратылды.

Мейірім шуағы тұнған шырайлы шарадан кәсіпкерлер Бағдат Бекежанова мен Жансұлтан Қасымбеков те тысқары қалмады. Олар Ұлыстың Ұлы күні құрметіне 500 дана бауырсақ пісіріп, оны жерлестеріне ақысыз-пұлсыз үлестіріп берді. Бұлардан бөлек әлеуметтік тұрғыда аз қамтамасыз етілген он отбасына ыстық тамақ жеткізілді. – Ізгілік пен жаңғыру тойында осындай өнегелі істердің өріс алуы, әрине көңілге қуаныш ұялатады. Мұның астарында елдік ұстанымның жатқаны күмәнсіз. Жалпы аудан бойынша кәсіпкерлердің, мекеме-кәсіпорындар ұжымдарының қатысуымен таратылған азық-түлік себеттерінің жиынтық сомасы 4,4 млн. теңгені құрады, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жалғасбек Сайлаубеков. ЖАҢААРҚА ауданы.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.

Басқа материалдар

Back to top button