Медицина

Тегін дәрі аласыз ба?

Бүгінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында науқастар тегін дәрі-дәрмек ала алады. Ол үшін науқас тіркелген жері бойынша емханада сырқат түрімен есепте тұруы керек. Егер қандай да бір себептермен дәрі ала алмаған болсаңыз, медицналық сақтандыру қоры мамандарына жүгінуге болады.

Сәуір айының басында медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалына қала тұрғынынан дәл осы себеппен шағым түсті. Оның қант диабетімен ауыратын 78 жастағы әкесі жыл басынан бері тегін дәрі-дәрмек алмапты. Қор филиалының сарапшылары емделуші тіркелген емханада мониторинг жүргізді. ТМККК шеңберінде пациентке тиісті дәрілік заттарды бермеу фактісі расталды. Себебі, пациенттің тұрғылықты жерінің өзгеруіне байланысты бекітілген учаскесі және дәрігері өзгерген. Қазіргі уақытта пациент қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін дәрі-дәрмек 49 түрлі ауру бойынша беріледі. Ондай науқастарға 347 дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар қол жетімді. Ал, сақтандырылған болса, МӘМС жүйесі бойынша тағы 79 түрлі аурунозологиясына қатысты 265 дәрі мен медициналық бұйым алуға мүмкіндігі бар. Бұл көмек Денсаулық сақтау министрлігінің 2021 жылғы 5 тамыздағы №75 бұйрығымен бекітілген.

Дәрі-дәрмекті алу үшін пациент өзінің учаскелік дәрігеріне жүгінуі керек. Олар науқастың жағдайын бағалап, қажет болған жағдайда дәрі-дәрмек үшін рецепт жазады. Емхана дәріханасына барғанда рецептпен бірге жеке бас құжатын ұсыну қажет болады.

– Егер ТМККК немесе МӘМС шеңберінде медициналық көмек алу, тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кезінде проблемаларға тап болсаңыз, медициналық ұйымның пациенттерді қолдау қызметіне немесе емхана әкімшілігіне жүгіне аласыз, – дейді медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалы бөлімінің бас сарапшысы Жанар Ракишева. – Егер аталған мәселе медициналық мекеме деңгейінде шешілмесе, облыстық денсаулық сақтау басқармасына немесе медициналық сақтандыру қорына жүгінуге құқылы. Емделушілермен кері байланыс үшін қордың Qoldau24/7 мобильдік қосымшасы, «Saqtandyrybot» телеграм-боты, 1406 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button