Жаңалықтар

Өтеген ОРАЛБАЕВ: «Астана – мемлекеттің төлқұжаты»

Әрбір елдің астанасы – сол мемлекеттің төлқұжаты. Биыл Қазақстанның астанасы – Астана қаласы атанғанына – 25 жыл. Осы уақыт аралығында бас қала саяси әлеуетін қалыптастырған, экономикалық, рухани-мәдени жағынан дамыған алып шаһарға айналды.

Өткенге көз жүгіртсек, астананы Қазақстанның оңтүстік-шығысынан орталыққа көшіру, яғни, Алматыдан Ақмолаға ауыстыру – ел тарихындағы елеулі өзгеріс-тін. Сол кездегі Жоғары Кеңестің депутаты, мемлекеттік қызметкер, белгілі ақын, танымал публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Өтеген Оралбаев – сол алғашқы көштің санаулы куәгерлерінің бірі. Мереке қарсаңында қайраткермен Ақмола қаласының астана атанған сәті туралы әңгімелескен едік.

Сурет кеййіпкердің жеке мұрағатынан

– Астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру – елдің өткеннен болашаққа көшкенін білдіретін айтулы оқиға. Қазіргі Астана – ел астанасы болған тарихи сәт көз алдыңызда шығар? Оқырманмен ой бөліссеңіз…

– Астананы Алматы қаласынан Ақмолаға көшіру туралы 1993 жыл­дың 2 жартысында айтыла бас­тады. Белгілі жазушы Оралхан Бөкей астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы мақаласын жариялады. Кейін бұл мәселені журналистер, баспасөз қызметкерлері, ғалымдар көтеріп әкетті. Мысалы, филология ғылымдарының докторы Тұрсынбек Кәкішевтің ас­­тананы көшірудің қажеттілігі ту­ралы мақаласы газет-журналдарға жариялана бастады. 1993 жылдың аяғында сол кездегі Жоғары Ке­ңестің депутаттары сайланды. Жа­ңадан сайланған Қазақстан Жоғары Кеңесінің 13-шақырылым депутаттарының 1994 жылғы 19 сәуірде алғашқы отырысы болды. Осы кезеңнен Парламент қабырғасында астананы көшіру мәселесі қозғалды. Жоғары Кеңестің парламенттік корпусы тарихта бірінші рет кәсіби деңгейде тұрақты жұмыс жасайтын болды. Мен 1994 жылы Атырау облысы бойынша Жоғары Кеңестің депутаты болып сайланып, Жоғары Кеңестің мәдениет, баспасөз, бұқаралық ақпарат құралдары және саяси партиялар мен қозғалыстар жөніндегі комитеттің хатшысы қызметін атқардым. 1994 жылы 6 шілдеде Жоғары Кеңесте астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру жөнінде ұсыныс айтылды. 1995 жылдың 15 қыркүйегінде Мемлекет басшысы елорданы Ақмолаға көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Осы жылдың 28 қыркүйегінде Мемлекеттік мекемелерді көшіру жөніндегі комиссия құрылды.

– Астананы ауыстыруда таң­дау неге Ақмолаға түсті? Басқа қандай ұсыныстар айтылды сол уақытта?

– Алғашқыда астанаға «лайық» деп 4 қала ұсынылды. Олар – Жез­қазған, Көкшетау, Ақтөбе, Ақмола. Жезқазғанның табиғаты, орналасқан жері орталық Қазақстанда екені ескерілді. Бірақ, қалада болашақта су тапшылығы болуы мүмкін екені талқыланып, Жезқазған қаласы ол тізімнен алынып тасталды. Одан кейін Көкшетау қаралды. Оның айналасында КСРО кезінде ашық қалған уран кен орындары өте көп. Олардың бәрін жабу үшін орасан зор қаражат қажет еді. Соған байланысты тізімнен Көкшетау қаласы да алынды. Ақтөбе қаласының батысқа жақын орналасқаны, Қазақстанның орталығынан шалғай жатқаны ойға алынып, тізімнен сызылды. Сөйтіп, таңдауда Ақмола ғана қалды.

– Сол кезеңде билік басында отырғандар астананы көшіру туралы идеяның нақты іске асатынына күмәнмен қарап, оны қиял дегені рас па?

– 1994 жылы 6 шілде күні Жоғары Кеңестің депутаттары бұл мәселені күрделі қабылдап, қызу пікірталас болды. Пікірталас бір күнге созылды. Күннің екінші жартысында сол кездегі Жоғары Кеңестің төрағасы, белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев «дауысқа салайық» деп жұртты ымыраға шақырды. Дауыс берудің нәтижесінде көпшіліктің дауысымен Ақмола қаласы – Қазақстанның астанасы ретінде таңдалып, Жоғары Кеңестің Қаулысы қабылданды. Әрине, бұл шешімге қарсылық білдіргендер болды. Белгілі қоғам қайраткері, құрылысшы, инженер, өзі Ақмола қаласының тумасы Қуаныш Алпысбеков қысы қатты, жері батпақ, суы аз елді мекен астана болғанымен, күндердің күнінде проблема туындайтынын айтты. Ақмоланың астана болуына қарсы шықты. Бұл пікірді көптеген адамдар қолдады. Алайда, көпшілік дауыспен сол күні Ақмола қаласы – Қазақстанның жаңа астанасы деп шешім қабылданды.

– Ел астанасын ресми түрде көшіру қай жылы басталды? Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары мен Президент байрағын жаңа астанаға әкелу қалай жүзеге асты?

– Қаулы қабылданған соң, Ақмола қаласына көшіру туралы арнайы жұмыс жоспары жасалып, бірден іске кірісіп кетті. 1997 жылдың 6-7 қараша күндері алғашқы топ Ақмола қаласына аттанды. Сол топ көшеде күннің суықтығына қарамастан, жұртшылықпен кездесіп, өз ойын ортаға салды. Екінші топ 1997 жылдың 1 желтоқсанында барды. Мен ол кезде Президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінде қызметте болдым. Бұл мәселеге ішкі саясат тікелей араласты. Халыққа түсіндіру, насихат жұмыстарының барлығы біздің бөлімнің жауапкершілігінде еді. Президент әкімшілігінің екінші тобы 1 желтоқсанда ұшақпен Ақмола қаласына келді. Ол кезде аяз -43 градус екен. Бізді 5-шағынауданда жатақханаға орналастырды. Сол жерден қатынап, жұмысты атқаруға кірісіп кеттік. Жаңа жылдың қарсаңында Ақмолаға Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Көлік және коммуникация министрлігінің қызметкерлері алғашқылар болып келді. Астанаға көшу жалпыұлттық, жалпыхалықтық мәселеге айналып кетті. Сөйтіп, 1997 жылдың желтоқсанында негізгі топтар, жауапты қызметкерлердің бәрі көшірілді. Содан кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары әкелінді. Елтаңба, Әнұран, Ту, Президент нышандары Ақмолаға жетті. Сол күннен бастап, ресми түрде «Қазақстан Республикасының жаңа астанасы – Ақмола қаласы» деп бекітілді. Осылайша, Арқа өңірінде, сайын Сарыарқада жаңа қаланы салу жұмыстары басталды.

– Бас қаламызды Қазақстанның оңтүстік-шығысынан орталыққа көшіруде не басты назарға алынды?

– Астананы көшіру туралы Жоғары Кеңеске 32 түрлі себеп-салдар айтылған-ды. Солардың ішінде ең негізгілері – Ақмоланың Қазақстан орталығында, тоғыз жолдың торабында орналасқандығы, сондай-ақ, ұшақ, теміржолы, көлік жолымен толық қамтылғаны айтылды. Сонымен қатар, бұл шешімді қабылдауда стратегиялық жағынан көршілес Ресеймен әріптестік қарым-қатынасы ескерілді. Халқымыздың тарихи санасын жаңғыртуда, рухани-мәдени деңгейін көтеруде зор мақсатты көздеді. Мәселен, солтүстік облыстарда орыс тілінің басымдықты иеленуі. Тіл, дін, діл мәселесі күн тәртібінде тұрды. Оны жасырып қажеті жоқ. Осы тұрғыдан келгенде ұлтымыздың негізгі тарихи дәстүрін, салт-санасын сақтау мақсатында да астана Ақмолаға көшті.

– 25 жыл ішінде Елорда қалай өзгерді? Астана өзінің саяси мәдениетін қалыптастырды ма?

– Жалпы, әлемнің талай мемлекеті астана ауыстыру мәселесін бастан кешірген. Ресей Федерациясының астанасы бір кездері Санкт-Петербург Мәскеуге көшірілді. Жапонияның астанасы Киота қаласы кейін Токиоға ауысты. Мұндай көшті талай мемлекет өткерді. Негізі астана қай мемлекеттің болсын, жан-жақты дамуы жағынан лейтмотив. Бұл жағынан алғанда «Астана қаласы өзінің стратегиялық, тактикалық, мемлекеттік мақсаттарын орындады» деп айта аламыз.
Астана салынып, қала тұрмысы, ғимараты, көшелері – барлығы жақсара бастағанда бірте-бірте әлемдік өркениеттегі елдердің назары ауды. Қазақстанды әлемге таныту мақсатында Президенттің бастамасымен сан түрлі форумдар, халықаралық конференциялар, симпозиумдар, құрылтайлар өткізіліп, әлемнің әр түпкірінен, әр мемлекетінен келгендер, жаңа қаламен танысты. Қазақстан Республикасының жаңа астанасын мойындай бастады. Осылайша, Астана қаласы еліміздің экономикасының, рухани, мәдени жағынан жаңаша белеске көтерілуіне, жаңаша дамуына, өркендеуіне негіз қалады. Астананың архитектурасы әлемдегі экономикасы жоғары деңгейде дамыған Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур, Еуропаның жаңа қалаларынан кем түскен жоқ. Ғимараттарының көркемділігі мен келбеті жөнінен Астана өзін әлемдік деңгейде таныта бастады.
Бүгінде Астана халқының саны артты. Елдің даму тарихында жастардың қызмет бабына орай және жұртшылықтың көшіп келуімен Астана қаласының халқы 1 миллионнан асты. 2030 жылы қала халқының саны 2 миллионға жетеді деп болжанып отыр. Шындығында, Астана бүкіл Қазақстанның даму тенденциясын көрсетеді.
Дегенмен, астананы Ақмолаға көшіруде қаланы сумен қамту проблемасы туындауы мүмкін деген күдік те айтылған. Қазір су мәселесі Астана халқын алаңдатады. Мемлекеттік деңгейде оңтайлы шешу жолдары қарастырылып жатыр. Алдағы уақытта әлемдік тәжірибелерге сүйеніп, шешімі табылады деген сенімдеміз.

– Астананы көшіруді және осы деңгейге жеткізуді тарих болашақта қалай бағалайды деп ойлайсыз?

– Астананы көшіру – мемлекеттің, халықтың уақыт алдындағы тарихи миссиясы. Астананы Арқа төсіне көшіру халқымыздың өміріндегі келер күнге бағыт алған тарихи оқиға. Осы жағынан келгенде елдің әлеуетін, экономикалық дамуын, саяси қауіпсіздігін, территориялық тұтастығын сақтауда сол кездегі Мемлекет басшысы еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде «Н.Назарбаевтың ел­ге сіңірген еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан, тарихи тұлғаның еңбегіне құрметпен қараймыз» деді. Қиын уақытта астананы көшіру үлкен саяси шешімді, тәуекелділікті, батылдықты қажет етті. Тарихтың, уақыттың алдында елеулі еңбегін ескеруіміз керек.
Астана – елдің келбеті, мемлекеттің төлқұжаты. Сондықтан, ел болып қалыптасудың алғышарты ретінде жасалған мұндай қадам сөзсіз тарихта қалады.

Сұхбаттасқан Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button