Театрдың жаңа маусымы ашылды
С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының 93-маусымының ашылуына орай сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, аудармашы, публицист С.Сейфуллиннің туғанына – 130 жыл, театрдың ақын есімін иеленгеніне – 60 жыл толу құрметіне байланысты баспасөз конференциясы өтті.
Маусымашарға арналған баспасөз мәслихатында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова арнайы қонақ ретінде шақырылып, С.Сейфуллиннің отандық тарихтағы рөлі мен ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының қайраткерлік күресіндегі ұлттық мүдде жөнінде әңгімелеп, тарихи деректерге тоқталды.
Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Сәкен мектебінің түлегі, Сәкен театрының актері Кеңес Жұмабеков қатысып, тарихтан сыр шертіп, Сәкен образын алып шыққан актерлар туралы сөз қозғады.
С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында 1994-2009 жылдары бас режиссер, театрдың көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарған белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков арнайы Алматы қаласынан келіп қатысып, қызмет жолын бастаған театр жөнінде жылы естеліктерімен бөлісіп, жаңа маусымның ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ, Әлімбек Оразбековтің «Режиссер» кітабының таныстырылымы өтті.
– Бұл кітап – өз-өзіме есеп беру. Кітаптың ішінде өзіміз қойған спектакльдердің суреттері, сыншылардың мақалалары, өзімнің әріптестерім, аға-буындардың мен жайлы жазған пікірлері бар. Осы театрда еңбек еткен 15 жылымның жартысы кітаптан орын алды. Ең бір ыстық, ең бір жақсы, ең бір тартымды театр – Сәкен театры. Келгеніме өте қуаныштымын, – деді Әлімбек Тоқтарұлы.
Кітап Әлімбек Оразбековтің 70 жылдық мерейтойына орай жарық көргенін атаған жөн. Әлімбек Тоқтарұлы «Домалақ ана», «Ана-Жер-Ана», «Абай және Әбіш» және т. б. спектакльдерін сахналағанын өнерсүйер қауым жақсы біледі. Сондай-ақ, қарағандылық көрермендерге оның пьесасы негізінде қойылған «Бір түп алма ағашы» спектаклімен кеңінен танымал. Бұл спектакль К.Станиславский атындағы орыс драма театрында қойылды. Қазіргі уақытта Әлімбек Оразбеков – Алматыдағы М.Әуезов атындағы ұлттық қазақ драма театрының режиссері.
Кітаптың тұсаукесерінен соң дауылпаз ақын Сәкеннің әндері мен өлең-поэмаларынан қойылым қойылды.
Маусымның шымылдығы Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» музыкалық драмасымен түрілді. Қоюшы режиссері – Айдын Салбан.
– Әр театр үшін үлкен мереке ол маусымның ашылуы. Бүгін біз Сәкен Сейфуллин театрының 93-маусымын ашып жатырмыз. Тағы да айта кететін жайт, биыл С.Сейфуллиннің туғанына 130 жыл және осы театрға Сәкен есімі бекітілгеніне 60 жыл.
Бүгінгі маусымашардың шымылдығы Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» музыкалық драмасымен ашылды. Жалпы, махаббат – алға жетелейтін, биікке жеткізетін, зор мақсаттар мен асуларды бағындыратын сезім. Сонымен қатар, өткен жылы музыкалық театр деген мәртебе алды. Ондай мәртебе алғаннан соң бізде музыкалық оркестр болуы шарт. Сол себепті 25 адамнан тұратын оркестр ашылды. Оркестрдың ерекшелігі – жартылай ұлттық, жартылай симфониялық аспаптар. Заманауи тілмен айтатын болсақ – гибрид. Үні, әуені, ойналуы мүлдем басқаша естіледі. Содан да «Қыз Жібек» музыкалық драмаға айналдырған жайымыз бар. Оны енді патша көңілді көрермен бағалайды, – деді театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер Айдын Салбан.
Бұдан бөлек, театр басшысы Құрман Өмірбекұлы ұжымның алдағы жоспарларымен де бөлісті.
– Биылғы біздің ғасырға қадам басып келе жатқан 93-маусымда алға қойған мақсатымыз, алдағы болатын шығармашылық жоспарларымыз өте көп. Атап айтсақ, 20-25 қыркүйек күндері аралығында Павлодар қаласында өтетін Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толуына орай «Ертіс-Баян» мемлекеттік кәсіби драма және музыкалық-драма театрларының I Республикалық театр фестиваліне барамыз. 7 қазан күні театр ұжымы Оралхан Бөкейдің «Атау кере» драмасымен Сербияға аттанып бара жатыр. Былтыр қуыршақ тобы ашылды. Сол қуыршақ тобы былтыр «Әли Баба» қойылымымен маусымның шымылдығын жапты. Биыл қайтадан «Әли Баба» қойылымымен ашылды. Аталмыш спектакльмен 21-24 аралығында Алматы қаласында ІІІ-республикалық қуыршақ театрлар фестиваліне жол тартамыз. Драматургияға қалам сілтеген Роза Мұқанованың 60 жылдығына арналған драмалық шығармалар фестивалі өтеді. Роза Мұқанованың қаламынан туған «Ешкім де кінәлі емес» спектаклімен Астана қаласындағы фестивальге қатысқалы отырмыз. Қоюшы режиссері – Бекмұханбет Киікбаев, – деді ол.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz