Театрдың тың тынысы
Көрнекті жазушы-драматург Роза Мұқанованың мерейтойына орай Астанада өткен «ТЕАТР АLL» атты III Халықаралық театр фестиваліне «Ешкім де кінәлі емес» драма-абсурд қойылымымен С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының ұжымы да қатысып, Асыл рөлін сомдаған актриса Дина Заитова «Үздік әйел бейнесі» аталымындағы жүлдесін иеленді.
Биыл үшінші рет өткен фестивальге Әзірбайжан, Қырғызстан және Қазақстанның үздік театр ұжымдары қатысты. Қоюшы-режиссері – Бекмұхамбет Киекбаев. «…Сағыныш деген енді оралмайтын өтіп кеткен өмірдің елесі…» – бұл «Ешкім де кінәлі емес» драмасы кейіпкерлерінің сарғайған сағынышы. Өткен өмірлерінің елесімен бүгін ғұмыр кешіп жатқан олар, ешкімге де өкпелемейді, ешкімді де кінәламайды.
Спектакльде егде жандарға арналған панажайдағы қариялардың есіл өмірі сомдалады. Кешке қарай «Мені қашан алып кетеді екен, балам келе ме, қызым келе ме?» деп жаутаңдаған жанарлар… Өмірді үлкен театр десек, адамдар сол театрдың сахнасынан өзін-өзі таниды, өзін-өзі түсінеді.
Жазушы-драматург Роза Мұқанованың «Ешкім де кінәлі емес» деп аталатын драма-абсурд жанрында жазылған терең философиялық пьесасында қазіргі қоғам ахуалы көрініс тапқан. Өзінің қарақан басынан басқа ешнәрсемен жұмысы жоқ, жақынына жаны ауырмайтын, ата-ана алдындағы парызын, күнделікті тіршіліктің таусылмайтын күйбеңіне айырбастаған келін мен бала, қыз бен күйеу, қала берді, бүкіл жан-дүниесі қасаңданып кеткен толып жатқан күйкі кісілер. Құлағын құлаққапқа «орап» алған, музыкаға еліткен немере де әжесінің неге шырылдап жүргенін түсінбейді.
Драма-абсурд бағыты Батыс Еуропа драматургиясында ХХ ғасырдың орта шенінде пайда болды. Абсурд – қисынсыз, ақылға сыймайтын, логикамен қабыспайтын қимыл-әрекеттер мен сөздің, тіпті, дерек-фактілердің жиынтығы деп түсінуге де болады.
«Ешкім де кінәлі емес» драма-абсурдының кейіпкерлері де солай, бір орында тұрып, велосипед тебеді, дөңгелегі айналады, бірақ ол жүрмейді, жүріп бара жатырмын деп бір орынды таптап тұрған театр директоры… Иә, бірақ мұның бәріне ешкім де кінәлі емес…
Қойылым шымылдығы жабылғанда, көрермен жүрегінде сары сағыныш пен терең ой ұялап қалды. «Ешкім де кінәлі емес» пьесасы тек сахнада ғана емес, сіз бен біздің ішкі әлемімізде де жүріп жатқан көлеңкелі көріністей. Қарттар үйіндегі қариялардың жанарындағы ауыр мұң, баладан күткен үміт, кешірілген өкпе – бәрі де біздің қоғамдағы шынайы келбетімізді көрсетеді. Бұл абсурд драмасы өзімізге қойған сұрақтарымыздың жаңғырығы тәрізді: Біз кімбіз? Не үшін өмір сүріп келеміз?
Роза Мұқанованың бұл шығармасы бізді тек қана өмірдің өткінші екенін түсіндіріп қоймайды, сонымен қатар, уақыттың алдында бәріміздің де дәрменсіз екенімізді есімізге салады. Өмір сахнасындағы әрқайсымыздың рөліміз бар және ол рөлден бас тарту мүмкін емес. Осы қойылымнан кейін өз жақындарымызды жақсырақ түсініп, уақыттың бағасын білуді ұмытпайық деп сыбырлайтындай.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz