Театрдың бойтұмары
Мен Қарағанды театрына келгенге дейін, басқа аймақтарда қызмет істеп жүрген кезде де, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры дегенде, алдымен көз алдыңа елестеп, ойға түсетіні – Кеңес Жұмабеков, Қайрат Кемалов, Мекен Қисықов, Нұржібек Жансүгірова, Гүлсара Рәшқалиева апаларымыз болатын. Осы кісілердің және басқа да өнер мен мәдениет тұлғаларының біз көрген шақтағы театрдың биік деңгейі, өнердің өркендеген шағы әсте ұмытылмайды.
Енді өзім театрға басшылық қызметті атқаруға келіп, осы аға-апалармен етене танысып, бірлесіп жұмыс істей бастағаннан кейін, анық-қанығын көріп, көзім жетіп отыр. Дәл сол мен ойлағандай, жас кезімде елестеткендей Кеңес, Қайрат, Мекен ағаларымыздың арқасында осы театр дүрілдеген екен. Әлі де сол кісілердің жасаған жақсылығы, үлкен еңбегі, әрқайсысының өзіндік қолтаңбалары, осы театрда сол азаматтар еңбек еткен жылдар жемісі, берген тәлім-тәрбиесі көрініп тұрады.
Кеңес ағамыз туралы тым көп дүние айтуға болады. Өзі сонау Жайықтың жағасында туып, Алматыға барып, білімін ұштап, талабы мен талантын шыңдап, білдей бір мамандық иесі болып, жолдамамен Қарағандыға келген. Содан бері С.Сейфуллин атындағы академиялық облыстық қазақ драма театрында жемісті еңбек етіп келе жатқан бірегей азаматтың бірі.
Еңбек еткеніңмен, сол 55 жыл ғұмырды жәй жүріп-ақ өткізуге болады, көптің арасында елеусіз дегендей. Бірақ, Кеңес ағамыз осы театр үшін өте бір жоғары деңгейде, театрдың дамуы үшін, биіктерден көріне беруі үшін тұғырлы тұлғалық зор үлесін қосты. Соңындағы іні, қарындастарына сабақ беретіндей, олар тәлім алатындай, үлгілі, өнегелі, шебер актер де бола білді. Өзінің қарым-қабілеті, іскерлігімен, ұйымдастырушылық қасиетімен Кеңес ағамыз талай жыл театрдың тізгінін ұстады.
Кеңес ағамызды көненің көзін көрген кешегі академик Евней Бөкетовпен өнер, білім жайында сырласып, ой-пікір бөліскен. Ұлттық театр өнерінің айтулы тұлғалары Жақып Омаровпен, Ерсайын Тәпеновпен, Нұрмұхан Жантөриннен тәлім алып, бүгінгі күнге дейін осы театр өнерін дамытып келе жатқан мықты менеджерлердің бірі деп айтсақ, асыра сілтегеніміз емес.
Тоқсаныншы жылдары театр тығырыққа тірелген кезде осы Кеңес ағамыз шырылдамаса, театрдың тағдыры әлдеқандай болар ма еді деген ойдамыз. Бір уақыттарда қарашаңырақтың қабырғасында санаулы-ақ адамдар қалып, советтік дәуірдің дәурені өтіп, алмағайып заман болып тұрған шақта Кеңес ағамыз өнер ұжымын сақтап қалды.
XX ғасырдың басындағы дала дарындарының көздері кетсе де, келер ұрпақтың жадынан өшпеуі үшін қаншама игілікті істер атқарды. Олар туралы танымдық материалдар жазумен қатар, ардагерлердің тұрған үйлеріне мемориалды тақта ашуға мұрындық болған. Игілігі мол істе Арқа өнері мен мәдениетінің анасы Рымбала Омарбекованың көмек, ықпалы зор болды.
Меніңше, өнер адамына абыройды қуып керегі жоқ. Адам өмірдегі, өнердегі талантын шыңдап, өзін-өзі дамытып еңбек етсе, абырой да, атақ та сол адамның соңынан өзі еріп келеді.
Кеңес ағамыз 75 жасында да баладай елгезек болмысынан бір айныған емес. Ақпейіл мінез-құлқымен әлі күнге дейін «бір жерге барайық» десең, бір тапсырма берсең, соны бітіріп, түбіне жеткізбейінше бір тынбайды. Өте еңбекқор, сондай бір кермет позитивті адам. Қашанда жақсылыққа жақын, қуанышқа ортақ болып, жүрген жерінің бәрін күлкіге, әзіл-қалжыңға бөлеп отырады. Жақсы ниетті, кең пейілді жаны жайсаң ағамыздың ұзақ ғұмыр кешуіне тілектеспін.
Кеңес аға туралы айта берсе, әңгіме көп. Бүгінгі күні осы театрға келген жас балалардың біреуін қалдырмай, зейнетақысын алған күні әрқайсысына бір-бір шоколад алып келетін. Сонда, театрда қанша жас бала бар екенін есептеп, біреуін артық, біреуін кем қылмай, бәріне бірдей етіп, тәтті таратып жүреді. «Кеңес аға зейнетақы алған күні шоколад жейміз» деп күтіп отырады. Осылай өзінше бір дәстүр етіп алған. Бұл да бір ақсақалдықтың үлгі-өнегесі ғой деп ойлаймын. Қария көрген кісілер осылай істесе керек. Әрқашан театр үшін қуанып, театр үшін жақсылыққа, қуанышқа бөленіп жүреді.
Кеңес ағамызды осы Сейфуллин театрының бойтұмары деуге болады. Ойлап қарасаңыз, батыс Қазақстан облысынан келіп, Алматыда оқып, Орталық Қазақстанға жатсынбай табан тіреген, аймақтың тұрғылықты азаматы секілді осы жерде жанын беріп жұмыс істеп, бүкіл ғұмырын қазақ театр өнері үшін сарп еткен азамат осы атаққа әбден лайық.
Құрман ҚАЛЫМОВ,
С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық
академиялық қазақ драма театрының директоры.