Руханият

Театрдағы тартымды кеш

Қарағандылық арулар үшін биылғы 8 наурыз мерекесі ерекше болды. Өйткені, С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында аналар мен арулардың құрметіне «Нәзік сәуле құшағында» тақырыбында мерекелік концерт қойылды. Екі тілде өткен мерекелік кештің режиссері – театрдың көркемдік жетекшісі Айдын Салбан. Бұл кеште Сәкен театрының халықтық-симфониялық оркестрінің тұсауы кесіліп, бастан-аяқ орындалған өнер туындыларын сүйемелдеп отырды. Оркестр дирижері – Әбілқайыр Сағынбаев. Кеште Қарағандының бірнеше театрының әртістері біріге өнер көрсеткенін атап өткен жөн.

«Көктем келіп, мерекеге ұласып, сегізінші наурыз келді қыр асып. Қыз-келіншек, нәзік жандар мейрамы, көңілдердің шапағатын тұр шашып» демекші, іс-шара басында Cәкен театрының халықтық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен Қасым Аманжоловтың «Ақ сәулем» туындысын театр хоры әуелете шырқады. Театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Жасұлан Орынбасардың өлең топтамасын театр әртістері осы «Ақ сәулем» әнінің әуенімен нақышына келтіре оқыды.

Оркестр Құрманғазының «Балбырауынын», Қазанғаптың «Ақжелеңін» күмбірлетсе, Гүлмаржан Сұлтанғалиева орындаған «Дайдидау» әнінің қылқобызға ықшамдалған нұсқасы да әсерлі болды.

Ал, поэтикалық блокта Төлеген Айбергеновтің «Мені ойла» өлеңін Айдос Нұрмағамбетов, Фариза Оңғарсынованың «Ғашық сезімін» Әнелі Сағындықова, «Қызғаныш» өлеңін Бақытжан Ерғалиев, Мұқағали Мақатаевтың «Сен менің жанарымның ішіндесің» жырын Ахай Жұмамұратов оқыса, Қадыр Мырзалиевтің «Ана», Қалқаман Сариннің «Қызым менің» туындылары да сәтті шықты. Поэтикалық блок өте әсерлі болды. Себебі, мұнда поэзияны «фортепиано» сүйемелдеді.

«Ғашықтық құмарлықпен – ол екі жол, құмарлық бір нәпсі үшін болады сол» демекші, Абай Құнанбайұлының «Желсіз түнде жарық ай» өлеңін театр әртістері қыз бен жігіт болып бөлініп, тебірене оқып, Нұрым Әлжаппар Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін шебер орындады.

«Махаббат үштігі» биін Ақбота Қанат, Балдырған Мағзұр, Бақытжан Ерғалиев орындаса, «Тоска фантазиясы» туындысын при­ма-қобызда ықшамдап оркестр орындады. Ән, күй, поэзия, би іштей қабысып жатты.

Тілек Аманжол Александр Дюбюктың «Поцелуй же меня, моя душечка» әнін, Сұл­тан Серікұлы Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар қайтып барады» әнін шырқады. Ал, Фарух Бегалы виолончель аспабының сүйемелдеуімен «Үйлену» шығармасынан үзінді оқыды.
Оркестрдің сүйемелдеуімен Карлос Гардэльдің «Танго» туындысын скрипкаға ықшамдап, Табиғат Амренов, Александра Иванова мен Дарья Иванова «Kashmir» туындысын орындады.

К.Станиславский атындағы орыс драма театрының әртістері А.Островскийдің «Же­нитьба Бальзаминова» шығармасынан үзінді сахналаса, Сәкен театрының актеры Айдос Нұрмағамбетов «Ноктюрн» әнін шырқады.
Келесі «Жан жарым» поэтикалық блогы жетігенмен сүйемелденді. Мұнда да театр әртістері өз шеберлігін паш етті. Жүрсін Ерман, Қалқаман Сариннің өлеңдері жүректерге шуақ сыйлады.

– Кешке келген қонақтар іштей түсінген шығар. Мұнда алдымен Қарағандының бірнеше өнер ұжымы өнер қарашаңырағы Сәкен театрында бірігіп өнер көрсетіп, аруларды қуантты. Ал, театрдың халықтық-симфониялық оркестрінің бастан-аяқ сүйемелдеп отыруы болашақта үлкен шығармашылық жұмысқа дайындық іспетті. Себебі, театр алдағы уақытта «музыкалық» мәртебесін алып, осы бағытта классикалық туындыларды сахналамақ, – дейді театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Жасұлан Орынбасар.

Қарақат өнер мектебі эстрада-вокал бө­лімінің оқушыларының орындалған ана туралы бірнеше әннен біріккен попурриді де жұрт жылы қабылдады.

Кезек тағы оркестрге келді. Бұл жолы Секен Тұрысбектің «Ақжауын», «Қызыл қайың» күйінің флейтаға ықшамдалған нұсқасын Ольга Абдурахманова орындады. Мұнда дирижер Әбілқайыр Сағынбаевтың шеберлігін атап айту қажет. Өйткені, ортақ үйлесім арқылы көрерменді баурап алу дирижерға көп байланысты.

Ал, облыстық музыкалық комедия театрының әртістері қойған «Песня из кинофильма Оттепель» сахналық қойылымы да жүрек қылын дөп басса, Ақбота Қанаттың «Мама, милая мама» әні үлкен экранда жүріп тұрған аналардың суретімен тіпті әсерлі шықты.
Театрдың тәжірибелі актеры Қайрат Кемалов Оралхан Бөкейдің шығармасынан «Апамның астауы» монологын оқығанда жұрт сілтідей тынды. Қобызбен сүйемелденгені жанды баурады. Шығарманың ұлттық реңк беріп, жанын кіргізді.

Әнелі Сағындықова «Асыл әжем» әнін жеріне жеткізе шырқаса, Рысты Рахымжан Ақан Серінің «Маңмаңгерін», «Джудиттаның ариясын» орындады. Театр әртістері оқыған «Ана» поэтикалық блогы домбырамен сүйемелденді. «Ата толғауы» күйі жүректерге нәр құйды.

Жиын соңында «Ана туралы жыр» әнін театрдың белді әртісі Дина Заитова орындады. Кеш Жасұлан Орынбасардың «Нәзік сәуле шуағында» атты өлеңдер топтамасын мәнерлеп оқумен мәресіне жетті. Ерекше кештің әсерінің де бөлек болғаны сөзсіз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Ortalyq.кz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button