Ресми

Театрға – ыстық ықылас

Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК 90 жылдық мерейтойына орай К.Станиславский атындағы орыс драма театрының ұжымын құттықтады.

– Өкінішке қарай, пандемияға байланысты мұндай маңызды күнді ауқыммен атап өте алмаймыз. Бірақ, сүйікті театрымыздың мерейтойы – біз үшін үлкен оқиға. Бұл – аймаққа ғана емес, бүкіл елге белгілі ұжым. Театр мықты әртістерімен, жан-жақты шығармашылық бағдарламасымен, байыпты басшылығымен танымал. Театр ұжымын мерейтоймен құттықтаймын! – деді Жеңіс Қасымбек.

Кездесуде ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова облыс басшылығына мәдениетке жіті көңіл бөлгені үшін ризашылығын білдіріп, драма театрының бірегейлігін атап өтті.

– Бұл – шын мәнінде көрермендердің сүйікті театры. Сонымен қатар, перифериялық өнер ғибадатханасы Қазақстаннан тыс жерлерде де танымал болды. Табанды еңбектің жемісі осы, – деп атап өтті Рымбала Омарбекова. Жиында театр басшысы Дунай Еспаев сөз алды.

– Біздің театр – Қазақстан аумағындағы ең көне театр. Театрда әртістердің үш буыны бар. Біз жылына алты жаңа қойылым дайындаймыз. Пандемияға дейін Сербияға, Македонияға, Ресейге гастрольмен бардық. «Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасы аясында шалғай ауылдарға спектакльдермен барамыз, – деді театр басшысы.

Карантин кезінде театр ұжымы жұмысын тоқтатқан жоқ. Дайындықтар қашықтан өтті. Сонымен қатар, ең танымал мектеп шығармалары туралы, сөйлеуді үйрететін, сахнаның арғы жағындағы құпияларды ашатын онлайн бағдарламалар пайда болды.

Облыс әкімі театр өкілдерімен шығармашылық идеяларды, ағымдағы мәселелер мен өзекті сұрақтарды талқылады.

Дунай Еспаев өз тарапынан «Азия жүрегі» халықаралық фестиваль-форумын өткізу идеясын жариялады. Осы іс-шара аясында әртүрлі театр өнерін оқытуды ұйымдастыруға болады. Бұл туризмді дамытуға және театр ұжымдары арасында тәжірибе алмасуға ықпал етеді.

Аймақ басшысы театр қызметінің аясын кеңейтуді ұсынды. Яғни, киноиндустрия контексінде театр өнерін дамыту. Қарағанды аймағының өмірі туралы клип, фильм, тіпті, сериал түсіруге тырысу керектігін айтты. Бұл идеяны театр әртістері қуана қолдады. Олардың да осындай жоспарлары болған. Бірақ, әзірге техникалық қолдау жеткіліксіз. Осыған байланысты әкім көмектесуге уәде берді. Сондай-ақ, кадр, жалақы, театр қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы айтылды.

Кездесу соңында облыс әкімі театр ұжымына құттықтау хатын, әртістер – Павел Кондратьев пен Нина Круцевичке Алғыс хаттар табыс етті.

– Бізді елеп жатқаны қуантады. Қазір бізде бір тілек бар – пандемия тезірек аяқталып, көрермен қайтадан театрға оралса екен дейміз, – деді Нина Круцевич.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button