Бас тақырыпБасты тақырыпСпорт

«Шахтер» жанкүйерлерін камбэкпен қуантты

Бірінші лиганың 19-тур ойынында жергілікті «Шах­тер» өз алаңында алматы­лық «Қайрат-Жастар» клубымен кездесу өткізіп, 3:3 есе­бімен тең түсті. Бұл матч Премьер-Лига жолдамасына таласып келе жатқан қос ұжым үшін де айрықша маңызға ие.

Сурет «Шахтер» футбол клубының сайтынан

Алғашқы таймда алматылық жастар алқымнан алғандай болды. Алтыншы минутта-ақ Мұхаметәлі Әбіш серіктесінің пасын тиімді пайдаланып, есеп ашты. 23-минутта Иманғали Бекболат есепті еселей түсті. Ал, тура бірінші тайм­ның қосымша уақытының аяқталуына сәл қалғанда Әбіш тағы бір гол соғып, 0:3 есебімен алға шықты.

Әйткенмен, екінші таймда «кеншілер» өздерін қолға алып, намысқа тырысты. 53-минутта Артем Литош гол соғып, жанкүйерлерге үміт ұялатса, 64-минутта Сұлтан Шымырхан Арман Нүсіптің дәл берген пасынан кейін есеп айырмасын қысқартты. Көп ұзамай, 68-минутта Арманның өзі де мергендік танытып, таразы басын теңестірді. Осылайша, «Шахтер» жанкүйерлерін керемет камбэкпен қуантты. Есеп – 3:3.

Бұл нәтиже «Шахтерге» аса тиімді бола қойған жоқ. Себебі, өткен турда «Ақтөбе-Ж» командасымен тең түскеннен кейін қарағандылықтар екінші орыннан алшақтаған еді. Алматылық жастардан ұпай жоғалту арқылы олар Премьер-Лигаға қайта оралу мүмкіндігіне секем алды. Дегенмен, «Шахтер» өз алаңында сенімді өнер көрсетіп келеді. Соңғы тоғыз матчтың жетеуінде жеңілмей, әр ойында орта есеппен 2,4 гол соғып жүр. Бұл дегеніміз, олардың әлі де Премьер-Лигаға шығуға күдер үзбегенін көрсетеді.

Келесі ойын 29 тамыз күні. Онда «Шахтер» өз алаңында «Алтай» клубымен кездеседі.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button