Теңге ілу тағылымы
Теңге ілу. Аңыз айтқандай, қаңлы көсемінің қызы Қармыс ойлап тапқан ойын көрінеді. Қазақ даласына жасаған жорықтарының бірінде Ескендір Зұлқарнайын теңге ілу ойынына куә болып, тамсанып тұрып «міне, нағыз ер жігітке тән, сарбаздық пен жаужүректікке, ат үстіндегі ептілікке баулитын ойын» деп баға берген екен.
Расында, ескі қисса-дастандарды оқып отырсақ, ат жалын тартып мінген баланың жігіт болу жолындағы сынақтарда осы ойын жиі кездеседі. Қазақ бұл ойынды тек жаужүректікті ғана көксеп ойнатпаған. Көбіне салт жүретін сал, бозбала жігіттердің көп көзіне түсуі, әсіресе қыз көңілінен шығуына таптырмас құрал.
Бұлай деуге Ілияс Есенберлин жазған «Көшпенділер» трилогиясындағы Жәнібектің Керей руынан шыққан екінші әйелі Жаған бикемен танысу, ұшырасуы дәйек. Шайбан шах (Әбілқайыр хан) ұлы Шах-Бұдаққа Керейден қыз айттыра барып, осы Жаған бикенің туған апасы Аққозыны ұзатып алады.
Осы бір торқалы тойда топ жігіттің ішінен жамбы атуда, бақандағы бақырды атып, теңге ілуде тебінгісін де терлетпей ат үстінде ақ киізде жатқан теңгені бірінен соң бірін ілген Жәнібек сұлтанды көріп, Жағанның көңілі күпті болатыны бар.
Қазіргідей таныстықтың қасында ол заманғы қыз-жігіттің бір-біріне ықыласы осылай алыстан айғақталған. Міне, теңге ілудің тағы бір сыры осы. Қазақтың әр салты, өнері тұнып тұрған тәрбие деуге тұрады емес пе?!
Теңге ілу бұл ат үстіндегі ептілікті һәм жүректілікті талап ететін экстремалды спорт түрі. Кешегі Наурызбайдың «Шайтан батыр» аталуы да осы ат үстіндегі ептілігін көргендегі қалмақтар қойған ат деседі. Наурызбай жауға шапқанда алыстан көрінген аттылы жау қарасын көргенде ғайыптан өзгеріп, адамсыз ат қана шабады екен қарсы. Сонда Наурызбай ат бауырына жасырынады немесе аттың екі жақ қабырғасына кезек ауып жасырынады екен. Қалың қалмақ қолына қарсы шапқанда садақ оғынан құтқарар осы ептілігі дейді деректер.
Дала заңына бағынған баба рухы қолдап, бұл күнде осынау ұлттық құндылығымыз ұлттық ат спорты қатарына енді. Қазіргі таңда тап бәйге көкпардай іргесі кеңіп, етек-жеңі жиыла қалмаса да ақырындап тамыр жайып келеді.
– Бұл ойынға ертеректе ат құлағында ойнаған балиғат жастан асқан бала қатысатын болған дейді тарих. Ал, қазір 18 жастан асқан жасаң жігіттер ойнайды. Теңге ілуге қамданған шабандоздың ат ерттеуі де өзгерек. Көкпардағыдай жалғыз тартпа тартпаған. Тартпаға айыл қатар тартылып және айылы аттың кіндік тұсына қарай тартылуы керек екен. Бұл шабандоз ат үстінде түрлі қимыл жасағанда ері аттың мойнына не сауырына кетпесі үшін, – деп атап өтті қарағандылық теңге ілуші Айбар Мәни.
Көкпар мен теңге ілуді қатар алып жүрген балуан сөзіне сүйенсек, бізден бұрын ойнаған бабалар тоқымдай ғана ақ киізге тасталған бес теңгені бірдей ілуі керек болған. Бүгінде аралары 10-15 адым шұқыр қазылып, соған қызыл шытқа түйілген теңге тасталады. Шабандоз 150 адым алаң бойымен шапқан атының басын ірікпей бір екпінмен қатар жатқан бес шұқырға еңкейіп теңге ілген. Сондай-ақ, ол кезеңде ұпай саны ілінген теңге санымен, жігіт ептілігімен, ат үстіндегі қимыл-әрекетімен есептелген. Қазір бәрі уақытпен қаралады.
Жоғарыда айтқандай, бағзыда бала туылса немесе сүндет той, қыз ұзату, үйлену тойында бұл ойын міндетті болған. Қазір кәдімгі ұлттық спорт түрлерінің ажырамас бөлігіне айналды.
Бұдан ілгеріде бір ауылға келін ұзақ жылдардан кейін түсіп, беті ашылғаннан кейінгі сайранда да әдейі ырым үшін ойналады дейтін үлкендер. Бұл теңге ілудің ерекшелігі бар. Неге десеңіз мұнда теңге орнына әлгі келін өзінің асыл бұйымдарын шүберекке орап бес жерден тастайды. Ал, жиынға қатысқан жігіттер бағын сынап, бағалы әшекейді еңкейіп алуға тырысқан.
Түйіншекті түгел ілген жігіт көп арасында ұнаған аруын таңдап, әлгі әшекейді соған сыйға тартқан. Міне, осылай жаңа таныстық белең алып, қыз бен жігіт арасында көпір орнайды. Осының бәрін жинақтай келе теңге ілуді тағылымы мол, берер тәрбиесі мен мақсаты бар ұлт құндылығы деп қалай айтпасқа?!
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz