Бас тақырып

Теңдік кемдікті жояды

«Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау шараларын күшейту қажет». Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент сессияларының бірінде айтқан болатын. Елімізде ерекше қажеттіліктегі 737 мыңнан астам адам бар. Қарағанды облысында бүгінгі таңда 54 750 мүгедек адам тұрады. Олардың 5 242-і – балалар. Ерекше қажеттілігі бар жандарды оңалту құралдарымен және қосымша қызметтермен қамтамасыз ету үшін қаржыландыру аймақта жыл санап ұлғайып келеді. Соңғы жылдары мүгедектігі бар жандарды техникалық бұйымдармен және оңалту қызметімен қамтуға бағытталған қаражат облыс бойынша үш есе өскен.

Колллажды жасаған Ш.Адамбекова

Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында мәлімдегендей, 2019 жылы бұл сома 3,3 млрд теңге болса, биыл 11 млрд теңгеге жеткен. Осы жылдар аралығында облыс көлемінде 191 249 адам протездік-ортопедтік, тифлотехникалық, сурдотехникалық құралдармен, қол арбалар, гигиеналық құралдар, санаторийлік-курорттық ем, сонымен бірге, жеке көмекшінің қызметін алды.

Жеке көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдеріне сәйкес мүгедектігі бар адамдар мемлекеттік бюджет есебінен техникалық құралдардың және оңалту қызметтерінің бірқатар түріне ие бола алады. Мәселен, протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, крес­ло-арбалармен, шипажай-курорттық емдеумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Олар бұл қызметтерді әлеуметтік қызметтер порталында (aleumet.egov.kz) дербес таңдайды. Биылғы бірінші тоқсанда Қарағанды облысы бойынша мүгедектігі бар тұлғалар әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 12 715 оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етілді. Жүріп-тұруы қиын мүгедектігі бар адамдар үшін облыстың барлық өңірлерінде инватакси қызметтері ұсынылады. Аймақ көлемінде 14 инватакси қызметі бар, оларда 149 автокөлік қызмет көрсетеді. Оның 15-і арнайы көтергіш құрылғылармен жабдықталғанын айта кету керек.

Облыста инватакси пайдаланушылар санаттарының аясы артқаны – жақсы жаңалық. Соның арқасында аутистік спектрі бұзылған және Даун синдромы бар балалар да осы қызметті пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Бүгінде облыстың барлық қалалары мен аудандарында аталған қызмет іске қосылған. Оған 2 012 адам жүгініп отыр. Оның ішінде, балалар да бар. Биылғы бірінші тоқсандағы дерекке сүйенсек, 1 984 мүгедек адам инватакси қызметін пайдаланыпты.

Санаторийлік-курорттық ем мүгедектігі бар балаларға да қолжетімді. Екі жылда ментальды ауытқулары бар 25 бала осындай көмек алды. Әлеуметтік кодекске сәйкес, мүгедектігі бар балаға шипажай-курорттық емделуге кепілдендірілген соманың 70% өтелетіні де бұл санаттағы адамдар үшін әжептәуір демеу. Мәселен, 14 күндік емдік шараның жалпы құны 305 374,72 теңге болса, оның 213 762,30 теңгесі мемлекет есебінен өтеледі. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы билік өкілдерінің шешімімен І топ мүгедегін санаторийлік-курорттық емге алып жүретін адамның да шығындарының 70%-ы қайтарылады.

Санаторийлік-курорттық емдеу облыста алғаш рет 2023 жылы енгізілді. Содан бері 389 ардагер жолдама арқылы емделуге мүмкіндік алды. Биылдан бастап, ардагерлер өз қаражаты есебінен санаторийлік-емдік шараларға бара алады. Шығынды кейін мемлекет қайтарып береді. 14 күндік ем үшін мемлекет тарапынан 305 мың төленеді. Биыл 10 ардагер аталған көмекті пайдаланды.

Бірінші топ мүгедегі Эльмира Ағымбаева – өмір бойы еңбек еткен адам, қазір зейнетте. Денсаулығы сыр беріп, қоларбаға таңылып отырғанына бес жылдан асыпты.

– Мен инватакси қызметін тегін пайдаланамын, санаторийлік-курорттық жолдаманы береді. Қайда барсам да, жанымда жолдасым бар. Ол менің көмекшім есебінде. Біз сияқты адамдарға мемлекет көмек жасап жатыр. Барлық мекеме, әлеуметтік нысандарға кіріп-шығу үшін қолайлы жағдай жасалған. Әрине, арасында пандусы жоқ немесе биік етіп жасалғандары да кездеседі. Бұл әсіресе, ұсақ дүкендерге қатысты. Ал, негізінен көп нысан бейімделген. Өз үйімнің кіреберісінде пандус жоқ. Бірінші қабатта тұрамын, алты баспалдақ бар. Содан жолдасым көтеріп, түсіреді. Жасы 71-де, оған да оңай емес. Сондықтан, осы мәселенің шешімін сұрап қалалық әкімдікке жүгіндім, «жеке қаражат көзін іздеп, қарастырып көреміз» деді. Бірақ, оның қашан жүзеге асатынын білмеймін, – дейді ол.

Мүгедектігі бар адамға көмек көрсететін жеке көмекшілердің ақысы көтерілді. Олар үшін міндетті зейнетақы жарнасы, әлеуметтік төлемдер, міндетті медициналық сақтандыру жарналары төленетінін айта кету керек. «Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің сурдоаудармашысы Ирина Тен есту немесе сөйлеу мүмкіндігі жоқ оннан астам адамға қызмет көрсететінін айтады.

– Бірлестіктегі әр сурдоаудармашыда қызмет көрсететін белгіленген адамдары бар. Күнделікті болмаса да аса қажетті кездерде бізді шақыртады. Мәселен, белгілі бір мәселемен емхана, банк, мемлекеттік орындар және басқа да ұйымдарға баратын кезде қоса барамыз, – дейді ол.

Ерекше қажеттілігі бар адамдарды жан-жақты қолдау мен көмек беру үшін арнайы бейімдеу орталықтары ашылған. Бүгінде облыстың төрт өңірінде – Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалалары мен Абай ауданында «Ten Qogam» мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы жұмыс істейді. Онда мүгедектерге психологиялық, заңгерлік, консультациялық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, тіл үйрену, компьютерлік және қаржылық сауаттылық бойынша түрлі тренингтер өткізіледі.

Облыста былтыр алғаш рет мүгедектерге арналған кресло-арбаларды жөндеу жобасы іске асырылғанын да ерекше айту керек. Өткен жылы бюджет қаражаты есебінен 300 арбаға жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жалпы, аймақта арнаулы әлеу­меттік қызметтер көрсететін 12 мемлекеттік ұйым бар. Биыл арнайы әлеуметтік қызметтермен 3 793 адам қамтылды. Оның ішінде, Балқашта тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы ашылғанын баса айтқан абзал. Сондай-ақ, Қарқаралы ауданында тірек-қимыл аппараты бұзылған бірінші, екінші топ мүгедектеріне арналған оңалту орталығы жұмыс істейді.
Мүгедектігі бар адамдар үшін ыңғайланып, бейімделіп жатқан әлеуметтік нысандар қатары жыл санап көбейіп келеді. Соңғы дерек бойынша облыс көлемінде 1 055 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны бейімделген. Алдағы уақытта олардың қатары артады.

Себебі, облыста 2021-2025 жылдар ішінде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 1659 нысан бейімделуі тиіс. Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, «AMANAT» партиясының Жол картасы және және 2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Кедергісіз келешек» жобасы жыл соңына дейін бағдарланған. Жоба аясында ел аумағында бейімделуі тиіс 22 мың басым нысан анықталды. 2021 жылдан бастап, 2025 жылға дейін жыл сайын осындай талапқа 4400 нысан сай келуі қажет. Олар туралы ақпарат қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілген. Бұл осы санаттағы адамдардың кедергісіз жүріп-тұрып, қоғаммен араласуына ықпал етіп отыр.

Мүгедектігі бар облыс тұрғындарын жұмысқа орналастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Себебі, жұмысқа араласу арқылы қоғам өмірінен тыс қалмайды әрі мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек, табыс табу мүмкіндігін алады. Аймақта облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, еңбекке жарамды жастағы 32 152 мүгедек адам бар. Оның ішінде, 10 980 адам жұмысқа орналастырылды. Жыл басынан бері 397 мүгедек жұмыс тапса, 46 мүгедек жан «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Есту қабілеті бұзылған адамдар үшін тоғыз арнайы жұмыс орны құрылды. 2018 жылдан бастап халықаралық тәжірибені ескере отырып, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын жабдықтауға байланысты жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тәртібі енгізілді. Субсидиялар жұмыс берушілерге арнайы жұмыс орындарын жарақтандыру үшін жабдықтарды сатып алуға, монтаждауға және орнатуға жұмсалған шығындарды өтеу мақсатында беріледі. Сонымен қатар, биылдан бастап, мүгедектігі бар адамдар мен оларға күтім жасайтын адамдар үшін «Террикон алқабы» базасында IT саласынан мамандықтарға оқыту қолға алынды.

Әлеуметтік кодекс қағидаларына сәйкес жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмай, жұмыс істейтіндердің жалпы санының 2-ден 4%-ға дейінгі мөлшерде жұмыс орындарына квота белгілейді. Осы жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша квотамен 4,8 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды.
Халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы азаматтарға өз бизнесін ашу үшін 400 АЕК мөлшерінде мемлекеттік гранттар беріледі.

2021 жылы әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылғаннан бері мүгедектігі бар адамдар қажетті қызметтерін онлайн режимде алуға қол жеткізді. Жыл басынан бері аталмыш порталы арқылы мүгедектігі бар адамдардың 9,9 мың тапсырысы орындалды. Оның ішінде, 6 мыңнан астам оңалтудың техникалық құралдарын, 574 мың ымдау тілі қызметін, 1 968 мың жеке көмекшінің, 696 – санаторийлік-курорттық емдеу қызметін алды.

Әлеуметтік қызметтер порталының мақсаты – мүгедектігі бар адамдардың жеткізушілермен тікелей өзара іс-қимылын қамтамасыз ету, олардың өз бетінше таңдау құқығын іске асыру. Бұл ретте тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің құнын төлеу кепілді сома шегінде мемлекет есебінен қамтамасыз етіледі. Жыл сайын республикалық бюджеттен осы мақсаттарға шамамен 60 млрд теңге бөлінеді.

Бүгінде порталда 643 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуші, 999 протездік-ортопедтік құралдар жеткізушісі, 31 мыңнан астам жеке көмекші, 757 – ымдау тілі және 131 – санаторийлік-курорттық емдеу қызметін ұсынушы тіркелген.

2025 жылға дейін Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған қолдау жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар шаралар жоспарланған. Бұл шаралар қазіргі әлеуметтік көмекті күшейтуге, мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға және олардың қоғамға толыққанды интеграциялануына бағытталған. Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдауды жетілдіру мақсатында бірнеше ауқымды жобалар іске асырылуда. Мемлекет басшысының: «Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау – басты міндеттің бірі. Қиындыққа тап болған жандар еш көмексіз қалмауы керек. Мемлекеттің әділдігі мен қоғамның жанашырлығы осындайда көрінеді» дегені әлеуметтік мәселенің қашанда мемлекет назарында екенін көрсетеді.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button