Теңдессіз елдің теңгесі
«Теңге тиыннан өсер, жылқы құлыннан өсер» деген елміз. Өмір шындығы. Тіршіліктің арбасының дөңгелегі – теңгемен дөңгелеп тұр. Біздің ел Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін өзінің нағыз дербес мемлекет екендігін паш еткен оқиғалардың бірі – 1993 жылдың 15 қарашасында төл валюта – теңгені айналымға енгізуі еді. Содан бері 15 қараша – Ұлттық валюта күні болып жарияланды. Биыл төл теңгеміздің төрге озғанына – 25 жыл.
Теңге туралы толғансақ, ұлттық валютамыздың атауы тарих тереңінде жатқан ортағасырлық күмістен жасалған «Деньга» түрік монетасынан бастау алатындығын да айта кеткеніміз абзал. Орыстың «деньги» сөзі де осы ұғымнан алынғанын көпшілік жақсы біледі. Дегенмен, бұл теңге еліміздегі алғашқы ақша деуіміз әбестік болар. Өйткені, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ежелгі қазақ даласында сауда, айырбас әлімсақтан қалыптасқан. Қазақ халқы мал, бағалы аң терілері, алтын, күміс кесектерін сауда-саттыққа жаратқан. Одан бөлек, ұсақ бөлшек саудада көбіне мыс фельстер қолданылған. Нақты айтқанда, Ұлы Жібек жолында дирхем мен динардан басқа, пени, манат, фулс, ділдә, жамбы сынды ақша айналымға түскен. Қазекең қағаз ақшаны аққұйрық, ал, металл ақшаны бақыр, қара бақыр, күреш, қара күреш, шақа, соқыр, жармақ, тиын деп әртүрлі атаған. Одан қала берді алтын мен күмісті салмағы мен көлеміне қарай тайтұяқ, атантұяқ, қойтұяқ, ботагөз деп атағаны да көнеден белгілі. Түркі кезеңіндегі монеталарға аверс (тиынның оң беті) бетінде басылған таңбалар, жыртқыш аңдардың суреті бейнеленгендігін тарихты парақтасаң аңғарамыз. Біз шытырлатып санап жүрген теңге атауы Алтын Орда кезеңінде қолданылған. Қазақ ақшасының тарихы, міне, осылай өрбиді.
Ал, бүгінгі қолданысымыздағы төл теңгемізді еліміздің қаржылық тәуелсіздігінің символы екенін айрықша атап өткен жөн. Себебі, егемендік алып, еңсемізді тіктеген тұста, Елбасының сындарлы саясатының нәтижесінде, өмірге келген теңгеміз әлемдік валюталардың арасынан лайықты орын алды. Бұл теңгеміздің де бұлжымас тарихы бар. Мемлекеттің экономикалық құрылымы түбегейлі өзгеріп, жаңадан іргесі қаланғанда, ілкімді іске бастау болған – төл теңгеміз. 1992 жылы елде төрт адамнан құралған дизайнерлер тобы жасақталды. Теңгенің авторы болу бақыты дизайнер Тимур Сүлейменовке, қылқалам шеберлері – Қайролла Ғабжалиловқа, Мендібай Әлин мен Ағымсалы Дүзелхановқа бұйырды. Олар Ұлыбританияда ұлықты істі тындырып, үлкен еңбектерінің нәтижесін теңгені елге жеткізді. Елбасының Жарлығымен 1993 жылдың 15 қарашасында қазақстандық теңге айналымға шығарылды. Біз теңгеміз арқылы қазақ тарихында өшпес із қалдырған тарихи тұлғаларымыз – ағартушы Әл-Фараби, ақындарымыз Сүйінбай мен Абайды, күйші Құрманғазы, ғалым Шоқан Уәлиханов, Әбілқайыр хан мен Абылай хан бейнесін бейнелеп, қандай елдің ұрпағы екендігімізді таныттық.
Төл теңгеміз 25 жыл ішінде дизайны, сапасы, сонымен қатар, әлемнің валюталары арасындағы беделі жағынан да талай өзгерістерді бастан өткерді. Бүгінде қазақстандық теңге қорғаныс элементтері бойынша әлемдік валюталар арасында үлгі боларлықтай сапаға ие. Қолданыстағы банкноттарда құнды қағаздарға пайдаланылатын қорғаныс элементтерінің заманауи түрлері қолданылған. Мәселен, бүгінде талай елдің банкноттарында пайдаланылып жүрген «Spark» қорғаныс элементі дүниежүзінде ең алғаш рет 2008 жылы Ұлттық валюта – теңгенің 15 жылдық мерейтойына арнап шығарылған номиналы 5000 теңгелік банкнотта бүркіт суреті түрінде пайдаланылған. Осындай қорғаныс элементі елімізде соңғы жылдары шыққан банкноттардың барлығында көрініс тауып келеді.
Теңге дизайндық ерекшеліктерімен де әлемдік валюталар қатарында ерекшеленеді. Мәселен, 2007 жылғы Бангкокта өткен банкноталарды жасау, қолдан жасаудан қорғау және айналымға енгізу мәселелеріне арналған «Currency Conference-2007» валюталық конференциясының аясында ұйымдастырылған конкурста «International Association of Currency Affairs» халықаралық қауымдастығының бағасына сәйкес, Қазақстан ұлттық валютасының номиналы 10 000 теңгелік банкнотасы дизайны бойынша «Жылдың үздік банкнотасы» номинациясында Швецияның кроны мен Мексиканың песосын артқа тастап, бірінші орынға ие болды. Сол сияқты, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай шығарылған номиналы 10 000 теңге қазақстандық ескерткіш банкнота Халықаралық банкноталық қоғамдастық (IBNS) өткізетін жыл сайынғы конкурс нәтижесі бойынша «2011 жылғы ең үздік банкнота» болып танылса, 2012 жылы шығарылған номиналы 5 000 теңгелік ескерткіш банкнота мен ежелгі түрік қолбасшысы Күлтегіннің бейнесі бар номиналы 1 000 теңгелік банкноталар да марапатқа ие болған. Қымбат металдардан жасалған Ұлттық Банктің ескерткіш монеталарының да халықаралық байқауларда жеткен жетістіктері аз емес. Ұлттық валютаның тарихында циркуляциялық монеталардың 2 қатары айналымға шығарылды. 1993 жылы монеталар 1,3,5,10 және 20 теңгелік номиналымен шығарылды және «нейзельбер» құймасынан жасалды. 1997 жылдан бастап Қазақстанда жаңа үлгідегі циркуляциялық монеталар айналымға шығарылды. Жаңа монеталық қатар 1,2,5,10,20,50,100 теңгелік номиналдарды құрады. 2006 жылы 15 қарашада Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10000 теңгелік банкноттардың келбетіне өзгерістер енгізіп шығарды. Сонымен қатар, 20 мың теңгелік банкнот Тұңғыш Президент күні мерекесінде айналымға енгізілді. Бүгінде төл теңгеміз – тауарлар мен қызмет көрсетудің құнды өлшеміне айналды. Теңдессіз елдің теңгесі – Мәңгілік Елдің қазынасы.
Нұрдос КӘРІМ