Тазы жүгірту дәстүрі жаңғырды
Қазақ тазы итті жеті қазынаға балаған. Кеңес дәуірінде ит жүгіртіп, қыран құс баптап, саятшылық құрған ата дәстүрімізден, қазақ қол үзіп қалған болатын. Тәуелсіздік алғаннан бергі аралықта халқымыздың саятшылық үрдісі қайыра түлеп, құлашын кенге жайып келеді.
Жыл сайынғы облыстық, республикалық денгейдегі өтетін қыран бүркіт, алғыр тазылардың сайыстары – соның жанды айғағы. Ақтоғай ауданының тұрғыны Арман Оралхан бірнеше жылдың жүзі болып қалды, осынау атадан қалған асыл мұрамыз, жүйрік ат, алғыр тазы ұстаумен айналысып келеді. Қазіргі күні үш тазысы бар. Жуырда Арманның «Сарыбас» атты құмай тазысы Көкшетау қаласында ұйымдастырылған республикалық тазы жарыстыру сайысына қатысып, Бас жүлдені қанжығасына байлап қайтты. 40 тазы қатысқан шарада «Сарыбас» мәрені бірінші болып кесті.
Осынау ата мирас саятшылық салтымызды жаңғыртып, дәстүр сабақтастығын сақтап, тазы баптаған, Арман Оралханға табыс тілейміз.
Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ,
АҚТОҒАЙ ауданы.