Спорт

Тазы жүгірткен жұртпыз

Ақмола облысының Ақжар ауылында «Тазылар лигасы – 2025» республикалық сайысы өтті. Елдің әр өңірінен 320 тазы қатысты. Осы сайыста Қарағанды облысының 30 тазысы бар. Оның 22-сі ақтық кезеңге жолдама алып, төртеуі жүлдемен оралды.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Айта кету керек, жыл өткен сайын тазылар байқауы жиі ұйымдастырылып, оған қатысушылардың да саны артып келеді. Әрі аймақта дәл осы өнерге қызығушылық танытқан жандардың да қатары көбеюде. Оған дәлел – осы байқау. Жалпы, бұған дейін аймақ намысын қорғап, республикалық турнирлерге қатысатын итбегілердің саны бірен-саран еді. Кейінгі жылдары қызығушылық танытқан жандардың қарасы қалың. Әрі жүлде салып жүргендердің де қатары артуда.

Турнир еркек және ұрғашы тазы арасында бөлек өткен. Иттерді өзара топтап, 1000 метр қашықтыққа жүгіртіпті. Яғни, ереже бойынша қай иттің жүгіріп өткендегі уақыты аз болса, сол тазыны жүлделі орындарға топтаған. Сайыс қорытындысы бойынша аймақ атынан қатысқан 22 тазы ақтық кезеңге жолдама иеленген.

Еркек тазылар арасында өткен байқауда қарағандылық итбегі Азамат Төкешовтің тазысы мәре сызығын екінші болып кескен. Дәл осы санатта жерлесіміз Нұрдәулет Мырзахановтың «Майлыаяқ» тазысы үшінші орыннан көрінді. Ал, ұрғашы тазылар арасындағы сайыста І орынды Қазыбек Әбдірахмановтың тазысы иеленсе, осы санатта қола жүлдені Жан Төлеуовтің иті еншіледі

– Біз тамаша нәтиже көрсеттік деп есептеймін. Ақтық кезеңге 12 еркек және 10 ұрғашы шықты. Оның 9-ы – Қарағандыдан барған тазылар. Жарыстың ережесі бойынша әр санаттан үздік шыққан үшеуіне жүлде табыстады. Екі санат бойынша алты жүлде тағайындалса, оның төртеуі аймақтан барған тазыларға бұйырды. Жалпы, соңғы жылдары тазы мен төбет тұқымды иттерге деген қызығушылық артып келеді. Бұл – қуанарлық жайт. Өйткені, бұл тұқымдар – қазақтың төл мұрасы, – деді облыстық құмай тазы және төбет иттерінің федерациясының жетекшісі Нұрдәулет Мырзаханов.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button