АймақТеміртау

Тазалықтан табыс тапқан өрендер

Қарағанды облысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының биылғы XX еңбек маусымы жақында Қарқаралыдағы «Жас дәурен» демалыс лагерінде ашылды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Нешеме жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан осынау жобаның негізгі мақсаты – жастарды қоғамдық пайдалы еңбекке баулу екені белгілі. «Жасыл елдің» пайдасын жыл озған сайын сезініп келеміз. Бұл жоба елдімекендерді абаттандыру, көгалдандыру шаралары арқылы жас ұрпаққа қосымша табыс берумен ғана шектелмей, олардың жазғы демалыс уақытын тиімді, пайдалы өткізуіне жол ашты. Жастар қатар еңбек ете жүріп, бір-бірімен ізгілікке бастайтын қарым-қатынас құрып, қоршаған ортаға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастырады.

Оның үстіне, жобаны қаржыландыру көлемі де жыл сайын артып келеді. Биыл күніне төрт сағаттан ғана жұмыс істейтін балалар бір айда 72 мың табыс тапса, алты сағаттық жұмысқа шығатын жастар 105 мың теңгеден еңбекақы алады. «Жасыл ел» еңбек жасағына қосылғысы келетін балалар мен жастардың қатары жыл сайын артып келеді. Биыл жаздың соңғы күніне дейін жалғасатын маусымдық жұмыспен Қарағанды облысы бойынша 4800-ге жуық адамды қамту жоспарланған. Айта кету керек, бұл – республика бойынша ең үлкен көрсеткіш.

«Жасыл ел» еңбек маусымының Қарқаралыдағы ашылу салтанатына Қарағанды облысындағы барлық қалалар мен аудандардың өкілдері қатыс­ты. Бағдарламаға сәйкес, жан-жақтан келген делегаттар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы шеңберінде бұлақтардың бойы мен аумақтарын жинау және абаттандыру шараларына қатысты. Ұл-қыз­дардың өзара пікірлерін ортаға салып, тәжірибе алмасқан қызықты шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Ерте жасынан-ақ маңдай терімен табыс табуға ұмтылған еңбек жасақтары салтанатты шарадан соң табиғат аясындағы экомұражайға саяхат жасап, Шайтанкөл бағытындағы «Экожол» инсталляциясын ашты. Аталған инсталляция Қарқаралы өңіріне «Жасыл ел» жобасының биылғы жасақтарынан естелік болып қалды.

Жоба әлеуметтік міндеттерді орындауға арналғанын білеміз. Жаңа маусымда қатысушылардың шамамен он пайызы мемлекет тарапынан ерекше қолдауға мұқтаж жасөспірімдер. Нақтырақ айтқанда, көпбалалы отбасылар (251 адам), толық емес отбасылар (46 адам), жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар (31 адам), мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар (37 адам), асыраушысынан айырылған отбасылардан (41 адам), барлығы 406 адам.

Жобаны ұйымдастырушылар алдағы жылдары облыстың басқа өңірлерінде де осындай шараларды өткізу арқылы жергілікті өңірге естелік сыйлық табыстау шарасын игі дәстүрге айналдыруды жоспарлаған екен. «Жасыл ел» жасақтары шын көңілдерінен тарту еткен мұндай жағымды дүниелер күні ертең табиғат аясына демалуға келетін көпшіліктің де көңілінен шығары сөзсіз. Еңбекке ерте бейімделіп, жақындарына қолқабыс етуге талпынған ұрпақтың жаз айларын әрі көңілді, әрі табысты өткізуіне тілек қосамыз.

Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button