АймақҚарағанды

Тазалық талап етіледі

Қарағанды облысында өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссияның кезекті отырысында қоғамды алаңдатқан басты мәселе – жемқорлықпен күрестің тиімділігі мен оған деген көзқарас жайы қозғалды. Отырысқа облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Сергей Перов, сондай-ақ, жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Комиссия отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің алдын алу басқармасының басшысы Нұрмұхаммед Тәжіғұлов өңірдегі ахуал туралы нақты деректер келтірді. Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау мен мониторинг нәтижелері бойынша берілген ұсыныстардың тек 33,7%-ы ғана толық әрі сапалы орындалған. Қалған бөлігінің формалды түрде қаралуы – жүйелі жұмыстың жоқтығын аңғартады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Сергей Перов бұл көрсеткіштің алаңдатарлық екенін айтты:

– Әрбір басшы, ең алдымен, өзінің және командасының тазалығын қамтамасыз етуі тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын алғышарттарды жою – басшылықтың тікелей міндеті. Ал, ұсыныстарды үстірт қарап, есеп үшін орындау – шын мәніндегі, мүдденің жоқтығын көрсетеді, – деді ол.

Былтыр мен биылдың бірінші тоқсанында департамент сарапшылары 99 сыбайлас жемқорлық тәуекелін анықтап, 104 нақты ұсыныс берген. Алайда ұсыныстардың тек үштен бірі ғана нәтижелі орындалып отыр. Бұл – сыбайлас жемқорлықтың салдарымен емес, себебімен күресудің қажеттігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті тек құжат жүзінде емес, шынайы өмірде қалыптастыру қажеттігін алдын алу басқармасы басшысының орынбасары Арслан Мыңғышев те атап өтті:

– Қоғамның қолдауы, белсенді азаматтардың үнқосуымен ғана шынайы өзгеріс жасауға болады. Бүгінде бізде бұл үшін ресурс та, ерік-жігер де бар. Енді формализмнен арылып, нақты нәтижеге жұмыс істеуіміз керек, – деді ол.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барлық мемлекеттік орган басшыларына ескерту жасап, ұсыныстарды орындаудағы формализмді жоюды қатаң талап етті.

– Бүгін бізге жұмысқа деген көзқарасты өзгерту қажет. Сыбайлас жемқорлық ең өткір мәселелердің бірі болып қала береді. Кешенді тәсіл қажет. Біз алдын алу шараларына – тек зардаптармен күресуге ғана емес, себептерді жоюға назар аударуымыз керек. Мұны қоғаммен бірге істеу керек. Тек осылайша ғана нақты нәтижелерге қол жеткізуге болады, – деді өңір басшысы.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – бір күннің шаруасы емес. Ол үшін жүйелі әрекет керек. Ал, бұл жолда басты талап – ашықтық, жауапкершілік және шынайы ниет. Қарағандыдағы комиссия отырысы – осы бағыттағы жаңаша серпіннің бастамасы деуге толық негіз бар.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button