АймақҚарағанды

Тазалық табалдырықтан басталады

Дүниежүзілік тазалық күнінде аймақ тұрғындары жұдырықша жұмылып, сенбілікке шықты. Нақтырақ айтқанда, сол күні облыстың 32 мың тұрғыны өңірді тазалауға атсалысты. Бірлікке бастаған сенбілік барысында екі мың тоннадан астам күл-қоқыс сыртқа щығарылды. Ал, Қарағандыда World clean up day шарасына төрт мыңнан астам тұрғын қолдау көрсетсе, сол қолдау нәтижесінде 59 гектар жер тазаланыпты. Ол аумақтан 521 тонна қоқыс шығарылыпты.

Сурет ұйымдастырушылардан

Сенбіліке қатысуға ынта білдіргендер Қарағанды қаласының Пришахтинск бөлігіндегі орман алқабын да назардан тыс қалдырмады. Көпшілік демалыс ұйымдас­тыратын ол алаңнан 52 қап қоқыс жиналды. Демалыстан соң қалған пластик, шыны, қағаз, қаңылтыр құтылар сұрыпталды. Сол арқылы қайта өңдеуге жөнелтілді. Сенбілікте белсенділік танытқандарды да ұйымдастырушылар құрқол қайтармады. Оларға сыйлықтар табысталды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, аймақтың әрбір қала-ауданында сенбілік ұйымдастырылды.

Мәселен, Теміртауда 175 тонна қоқыс жиналды. 10 гектар жер тазартылды, оның ішінде, Самарқанд су қоймасының жағалауы да бар. Жағажайда жас эковолонтерлер қоқыс жинап, көшеттер екті.

– Жағалауды қоқыстан тазартуға №16 Теміртау жалпы білім беретін мектебінің 5 және 11 сынып оқушылары, «Отражение» қоғамдық бірлестігі мен экология департаментінің өкілдері, сондай-ақ, кәсіпкерлер қатысты. Біз қала тұрғындарын тазалықты сақтауға және су айдындарының жанында тәртіпті сақтау – біздің ортақ еңбегіміз бен жауапкершілігіміз екенін ұмытпауға шақырамыз! Келесі сенбілік орталық мешіт маңында өтеді, – деді «Отражение» ҚБ басшысы Елена Варганова.

Бұл күні балқаштықтар да белсенділік көрсеткен екен. Сенбілік кезінде екі мыңнан астам тұрғын 295 тонна қоқыс жинады. Абай ауданында сенбілікке екі мыңнан астам адам қатысып, 200 тонна қоқыс шығарылыпты. Нұра ауданында қоқыстан 45 гектар тазартылып, 100 тоннадан астам қалдық жиналды. Үш рұқсат етілмеген полигон жойылды.

Акцияға барлығы 2500 мыңнан астам тұрғын қатысты. Осакаров ауданында 60 гектардан астам жерден 105 тонна қоқыс жиналды.

«Сенбіліктер ауданның барлық кент-ауылында өтті. Ауылдық округтердің тұрғындары белсенді қатысты. Сонымен қатар, жастардан қарт адамдар да қалысқан жоқ», – деді Осакаров ауданының әкімдігі.

Осылайша облыс бойынша Дүниежүзілік тазалық күнінде барлығы 93 рұқсат етілмеген полигон жойылды.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button