Тазалық сақтау алгоритмі не?
2016 жылғы «OLX» қызмет көрсету сайты жүргізген зерттеу нәтижесінде Қазақстанның ең таза және ең лас қалалары аңықталды. Сауалнама негізінде Қарағанды тазалықтың жалпы рейтингісінде ең төмен ұпай жинаған болатын. Содан бері ештеңе өзгермеген секілді. Қаламыздағы жалпы көрініс көз қуантарлық емес. Оған кімді кінәлап, кімге реніш білдіреміз. Байқап отырсақ, қала орталығы шеткері ықшам аудандарға қарағанда әлдеқайда ықтиятты. Қоқыс алаңының жан-жағы – жинақы, аула маңы – таза. Жеке пәтер иелерінің кооперативі тиянақты қызмет атқарып, аула сыпырушыларының жалақысын уақытылы берілуін қадағалап отырады. Тазалық сақтаудың жеңілдетілген алгоритмі осы типтес. Бірақ өкінішке орай, тұтас қаланың тұрпаты мінсіз емес. Сырттау жатқан ықшам ауданға кіреберістен бастап, бөгде иіс пен әр жерде бір темекі тұқылынан бастап қапшық толы қоқыстың «шыңы» көзіңізге қораш көрінері сөзсіз. Дегенмен, бұл көрініс тұрғындарға үйреншікті, ешбір ыңғайсыздық тудыратын жайт емес секілді. Шындығына келгенде, кез келген істің қозғаушы тетігі – өзіміз. Сол себепті де жан-жағыңыздың жағдайына сіз алаңдамасаңыз, ол ешкімге қажет емес. «Әкімшілік қайда қарап отыр?» деген тіркес мүлдем негізсіз.
Өз көзіммен күнделікті байқайтын көріністі тізбектейін. 13-ықшам ауданында аялдамадан екі қадам әрі ассаңыз, аяқ алып жүрер таза бұрыш таппайсыз. 17-ықшам ауданының жөндеу жұмыстарын жүргізген пәтер иелері қажетсіз қалған тұрмыстық заттарын қоқыс жәшігіне жеткізбей, аула маңына тастап, балаларын ойыншықпен қамтамасыз еткен. 16 ықшам ауданында қоқыстың жиналуы желдің әсерімен көше бойына «саяхат» жасайды.
Жағдай алаңдаудан асып кетіп, асқынып тұр. Мұндайда қол қусырып қарап отырудың өзі – қылмыс. Бауыр ет – балаңыз бен бүкшең басып жүрген ата-анаңыздың қозғалысына алпауыт кедергі. Күніне бір сағат, «жұмыла көтерген жүк жеңілдің» айласына салып, табиғатымызға қызмет қылсақ, шарапатын көретін өзіміз ғана.
Ауладағы қалдық толы қалтадан басқа да жаныңызды ауыртар жайт табасыз. Неліктен барлығы осындай дәрежеде?! Бұл сұраққа жауап алу мақсатында қала ішінде сауалнама жүргіздік.
«Сенбілікке қаншалықты жиі қатысасыз?», «Есік алдын таза ұстау мақсатында қандай қарекет қыласыз?», «Көше сыпырушының еңбегіне уақытылы төлем жасайсыз ба?» деген бірнеше сұрақтың төңірегінде жүріп, жалпы жағдайдың неге жақсармайтын себебін түсінгендейміз. «Уақытым жоқ, таңертең кетіп, кешке келемін. Одан кейін үй шаруасы. Уақыт болса, әрине, қолымыздан келгенше әрекет қыламыз ғой» деген сылтауды желеу етіп жүргендер қаншама?
Қарағанды қаласы бойынша жүргізілетін акция, сауалнама, байқау нәтижесінде жақсы қорытынды орталық, Оңтүстік-шығыс аймақтарында байқалады. Оған себеп – адамдардың жауапкершілігі, өзіне және айналасына деген құрметі мен сүйіспеншілігі. Сіз өзіңізді жақсы көрсеңіз, қоршаған ортаңызды көркейтуге, келбет алуына тамсана қарап, қызығар едіңіз. Өйткені, ең үздік затқа, ең жайлы жағдайға лайықты бірденбір жан екеніңізді мойындап, дұрыс пікір қалыптастырасыз.
Міне, мәселе қайда?! Осыдан соң өзіңіз қорытындылай беріңіз. Яғни, маңайына қарым-қатынасы арқылы адамның қандай екенін аңдауға әбден болатын секілді.
Тазалықтың алгоритмі – осы.
Жанар АХАНОВА,
ҚарМУ-дың 2-курс студенті.