Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен республика бойынша бір айлық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған еді. Әрі әр аптаға өзіндік атау беріп, қоршаған ортаны қоқыстан тазартуға күш салды. Бүгінде сол игі бастама әр өңірде әлі де жалғасуда. Мәселен, Осакаров ауданының тұрғындары да белсенділік танытып, аталған акцияға сүбелі үлес қосуда.
Осы акция басталғалы аудан және ауданға қарасты ауыл жұрты жаппай сенбілікке шықты. Қоршаған ортаны қоқыстан тазартып, әктеу жұмыстарын жүргізді. Саябақтарды ретке келтіріп, гүлзарларды тазалады. Енді тұрғындар «Таза бейсенбі» санитарлық акциясын ұйымдастыруды қолға алған. Өткен бейсенбіде 400-ден астам аудан және ауыл тұрғындары мен 170-тен астам «Жасыл ел» еңбек жасағының жасы сенбілікке шықты. Санитарлық сенбілік үшін 18 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Шашылған қоқыс қалдықтарын жинап, екі контейнерлік алаң ретке келтірілді. Нәтижесінде, қоқыс полигонына 23 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Одан бөлек, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 505-бабына сәйкес екі ескерту, екі айыппұл салынды. Аудан тұрғындары мұнымен тоқтап қалмай, әр бейсенбіде санитарлық сенбілікке шығып, аудан тазалығын назардан тыс қалдырмақ емес.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Осакаров ауданы
Ortalyq.kz