Тазаланбаған жолдар үшін ауыл әкімдеріне айыппұл салынды
Қарағанды облысында жолдың дұрыс тазаланбағаны үшін ауыл әкімдері мен жол компанияларының басшыларына 5 миллион теңге айыппұл салынды. Жыл басынан бері облыста 13 адам оқыс оқиғадан көз жұмған. Жолдардың жағдайы қозғалыс қауіпсіздігіне тікелей әсер еткендіктен полицейлер республикалық тас жолдарға тексеріс жүргізді.

Шара барысында полицейлер Екатеринбург-Алматы тас жолында 10 қауіпті аймақты анықтаған. Биылғы жылдың басынан бері полицейлер жолдың дұрыс тазаланбағаны үшін 80-нен астам лауазымды және заңды тұлғаларға айыппұл салды. Тәртіп бұзушылардың қатарында төрт ауыл әкімі мен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Қарағанды филиалының басшылығы да бар.
– Жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі – жолды күтіп ұстау талаптарының бұзылуы. Жолдарды тазалау шараларын дұрыс қолданбаса, 631-бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл саламыз, – дейді Қарағанды облысының полиция департаменті бастығығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.