Таза мектеп – таза қала
Жан-жағыңды таза ұстасаң, жан-дүниең де жаңарады. Иә, тазалық – денсаулық кепілі. Сондықтан ел көлемінде өтіп жатқан Республикалық сенбіліктің маңызы зор. Қарағанды қаласы, Әлихан Бөкейхан ауданындағы Әлихан Бөкейхан мектебінің ұстаздары мен оқушылары да сенбілікке шықты.
Мектептің директоры Айнұр Жаппарқұлова бастаған ұжым жұдырықтай жұмылып, жұмыс істеді.
Мектеп ауласымен бірге, үйлердің айналасына тазалық жұмыстарын жүргізді. Жиналған қоқысты арнайы қаптарға салып, айналаны тап-тұйнақтай етті.
– Шашылып жатқан қоқыстан түрлі иіс шығып, вирустар ауаға тарап, адамдарға ауру жұғуы мүмкін. Сонымен қатар, айналаң тап-таза болып тұса, көңіл-күйің де көтеріңкі. Жұмысқа да құлшына кірісесің. Сондықтан, сенбілікке бей-жай қарауға болмайды, – дейді мектеп директоры Айнұр Тұрғанбекқызы.
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz