Теміртауда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында екі ауқымды шара ұйымдастырылды. Қала тұрғындары пластик қалдықтарды жинап, қалалық жағажайды тазалап, экологиялық мәдениетті насихаттауға қатысты. Экобастамалар жүздеген теміртаулықтарды біріктіріп, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігіне айналды.

Қалада өткен «Пластиксіз қала» акциясы аясында Шығыс саябағы, Жас көрермендер театры мен Жастар орталығының алаңдарында арнайы қабылдау пункттері орнатылды.
Тұрғындар тазаланған пластик бөтелкелерін тапсырып, әр 10 бөтелкеге балмұздаққа арналған купондар алды. Акция аясында екі мың ынталандыру сыйлығы дайындалды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараның мақсаты – тек қалдық жинау емес, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды күнделікті дағдыға айналдыру, адамдарды қайта өңдеуге, қоқысты сұрыптауға және табиғатты қорғауға шақыру.
Акцияны жергілікті кәсіпорындар қолдап, пластикті жинау мен қайта өңдеу логистикасын қамтамасыз етіп, қатысушыларға сыйлықтар дайындады. Жиналған барлық қалдық қайта өңдеуге жіберіледі.
Қалалық жағажайда өткен «Таза ойындар» экологиялық акциясына 300-ден астам оқушы, студент, ерікті және қала тұрғындары қатысты.
Экомарафон ойын форматында ұйымдастырылып, қатысушылар аумақты тазартумен қатар, топпен жұмыс істеу мен экологиялық ойлаудың негізгі қағидаларын меңгерді.
– Бұл акция – жастарды табиғатты қорғауға үйрететін маңызды алаң, – деді Теміртау қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Руслан Көжекенов. – Біз қатысушыларға қолғаптар, қаптар, су және бейсболкалар дайындап қойдық. Ауа райының ыстықтығын ескеріп, қауіпсіздік шараларын да қамтамасыз еттік. Жағажайда жедел жәрдем қызметі мен полиция кезекшілікте тұрды.
Экологиялық белсенділікті арттыру мақсатында волонтёрлер тұрғындарға тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу, екінші реттік пайдалану және табиғатты сақтаудың маңызы туралы ақпарат берді.
Шара соңында белсенді қатысушыларға жергілікті ойын-сауық орталықтарына арналған купондар мен алғыс сертификаттары табысталды.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА