«Таза Қазақстан»: облыста 580 заңсыз қоқыс алаңы жойылды
Өткен жылы Қарағанды облысында 580 заңсыз қоқыс алаңы жойылып, 135 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылды, 125 су қоймасының жағалауы тазартылды. «Таза Қазақстан» республикалық акциясына 130 мыңнан астам адам, 9 мың ұйым мен кәсіпорын қатысты. Аймақ бойынша 250 саябақ пен гүлзар қамтылып, 500 тарихи-мәдени мұра нысаны жөнделді, мыңдаған ағаштар мен көпжылдық гүлдер егілді.

Облыс әкімдігінде өткізілген аппараттық кеңесте жалпыұлттық жобаның қорытындысы талқыланды.
Жасыл желектерді инвентаризациялау және цифрландыру аясында Greenmap арнайы сервисі әзірленді. 1,8 миллион жасыл желек цифрланды. Жұмыс биыл да жалғасын табады. Сонымен қатар, қоғамдық кеңістіктерді, оның ішінде саябақтар, жағалаулар мен аллеяларды абаттандыру жобалары жүзеге асырылуда, – деді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев.

Қала көрінісі де назарда. Облыс бойынша 169 көпқабатты үйдің шатырлары мен қасбеті жөнделді. Қарағанды, Балқаш және Шахтинск қалаларында 125 контейнер алаңы жасалып, қатты тұрмыстық қалдықтар үшін екі мыңға жуық контейнер орнатылды.

Теміртауда экологияны жақсарту жол картасы іске асырылуда. Қоршаған ортаға зиянды қалдықтардың шығарындылары кезең-кезеңімен азайтылады. Қала әкімі Ғалым Әшімовтың айтуынша, негізгі шаралардың бірі – металлургиялық өндірісті табиғи газға көшіру, ескірген жабдықтарды жаңарту және жаңа технологияларды енгізу. Қазіргі таңда Qarmet домна цехы толықтай газбен жұмыс істеп, парақтау өндірісіндегі әдістемелік пештерде газ қолдану басталды. Қалада жеке сектор газдандырылды, заңсыз қоқыс алаңдарын жою және контейнер алаңдарын жаңарту жалғасып жатыр.
Балқашта тұрғындар мен туристерге ыңғайлы орта жасауға күш салынуда. Қалада 350 гектар жер тазартылып, 17 мыңнан астам тонна қоқыс шығарылды, жаңа контейнерлер мен қоқыс жәшіктері орнатылды, аулалар жөндеуден өтті. Жаңа бейнебақылау камералары қойылды, аялдамалар мен жарықтандыру жүйелері жаңартылды.
Абай мен Балқашта қоқыс сұрыптау желісі бар қатты тұрмыстық қалдық полигоны салынды. Сол сияқты нысандар Бұқа жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандарында да жоспарлануда.

– «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бір реттік шара емес. Таза ортаның бастауы – әр адамның жеке жауапкершілігі мен табиғатқа құрметпен қарауынан басталады. Осындай бастамаларды жүзеге асырып, жеке қатысу арқылы біз табиғи мұраны болашақ ұрпақ үшін сақтауға өз үлесімізді қосамыз, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі



