Бас тақырыпРесми

«Таза Қазақстан»: экология мәселелерін шешетін жаңа телеграм-бот іске қосылды

Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Таза Қазақстан» ауқымды акциясы аясында @TazaQazBot телеграм-чат-ботын іске қосты. Бұл сервис азаматтарға өз өңіріндегі экологиялық және инфрақұрылымдық мәселелер туралы оңай хабарлауға мүмкіндік береді.

Суреттер ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінен

Пайдаланушылар проблемалық аумақты фотоға түсіріп немесе галереядан сурет жүктеп, нақты орналасқан жерін көрсетіп, мәселені толық сипаттай алады.

Жіберілген өтінімдер жергілікті атқарушы органдарға автоматты түрде жолданады. Операторлар өтінімді тіркеп, жауапты орындаушыны тағайындайды.

Тұрғындар жолдардың жағдайы, саябақтардың күтімі, кіреберістердің тазалығы, жарықтандыру, абаттандыру және аумақтардың санитарлық жағдайы сияқты түрлі мәселелер бойынша өтініш қалдыра алады.

Өтінім санатына қарай тапсырмаларды орындау мерзімі автоматты түрде белгіленеді. Жұмыс аяқталған соң орындаушы нәтижені фото арқылы растап, қажет болса түсініктеме береді.

Пайдаланушылар өтінімнің орындалу барысы туралы хабарламаларды тікелей телеграм-бот арқылы алып отырады. Сонымен қатар, орындалған жұмыстың сапасын бағалап, өз өтінімдерінің тарихын көре алады.

«Таза Қазақстан» сервисі азаматтарды тазалық пен тәртіпті сақтауға белсенді қатысуға шақырып, елдегі өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button