«Таза Қазақстан» аясында жасыл аймақтар көбейіп келеді
Теміртау қаласындағы №16 орта мектепте республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Жасыл бұрыш» атты экологиялық акция өтті. Іс-шараның мақсаты – білім ордасының аумағын абаттандыру мен көгалдандыру арқылы жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру, экологиялық мәдениетті дамыту.

Акцияға «Отражение» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, эколог маман Елена Варганова қатысып, оқушыларға жасыл өсімдіктердің түрлері мен олардың маңызы туралы әңгімеледі. Сондай-ақ ол қалалық аумақтарды көгалдандырудың экологиялық әсері жайлы айтып, оқушыларды өсімдіктер питомнигіне экскурсияға алып барды.
Экологтың айтуынша, көгалдандыру тек мектеп аумағын көріктендіріп қана қоймай, ауа сапасын жақсартып, микроклиматты тұрақтандыруға оң әсер етеді.
Іс-шара соңында қатысушылар ағаш отырғызу мен жасыл аймақтарды күтіп-баптау бойынша тәжірибелік тренингке қатысты.
Бұл бастама қоғам назарын экология мәселелеріне аударуға, өскелең ұрпақтың табиғатқа сүйіспеншілігін арттыруға және оқу орындарында жайлы, таза орта қалыптастыруға бағытталған.
Жамал АКПАРОВА