«Таза Қазақстан»: қарағандылықтар да эко акциядан қалыс қалмады
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталғалы бері 127 мыңнан астам қарағандылық осы акцияны қолдап, ат салысқан екен. Нәтижесінде, арнайы полигондарға 56 мың тоннадан астам қоқыс шығарған. Ал, сәуір айынан бері аталған акцияға 10 743 кәсіпорын қатысқан. 1 433 бірлік техника жұмылдырылып, 367 рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері жойылды. Бұл туралы энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Арман Сәттібаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз қызметінде мәлімдеді.
Аталған акция басталғалы өңірде 951 контейнер орнатылып, 241 контейнерлік алаң пайдалануға берілді. 24 мыңнан астам аула аумағы, 226 саябақ пен гүлзар жиналды. Сонымен қатар, 441 тарих және мәдениет ескерткіші жөнделіп, ретке келтірілген. Одан қала берді қалалар мен елді мекендерде 130 мыңнан астам ағаш және 7 700-ден астам бұта егілді. 125 су айдынының жағалауы да қоқыстан тазартылды.
– Құқық бұзушылар да болды. ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша 6129 ескерту және 512 айыппұл ресімделді. Акция аясында Қарағандыда Үздік ПИК, ал Шахтинск қаласында – үздік аулалар таңдалды. Мәселен, облыс орталығында «Арман» ПИК жеңімпаз атанды. Ал, Шахтинскіде – Мәскеу 23, Парковая 39 және К.Маркс 22 көшесінің ауласы үздік деп табылды. Жеңімпаздарға ойын алаңын жөндеуге сертификат табысталды, – деді Арман Сәттібаев.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz