Шахтинск қаласында Оқушылар сарайының екінші корпусында орналасқан «TARLAN» мектеп автокартодромының ашылуы күтілуде. Осы нысан аумағын абаттандыру және табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстар республика көлеміндегі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қарқынды жүріп жатыр.

Осыған орай Оқушылар сарайының бастамасымен және мектепке дейінгі ұйымдардың қолдауымен «Құстарға арналған ұялар» атты экологиялық акция өткізілді. Аталған шараға балабақша тәрбиеленушілері, олардың ата-аналары және Оқушылар сарайының педагогтері белсенді қатысты. Балалар үлкендердің көмегімен құстарға арналған қоректендіргіштер мен үйшіктер жасап, оларды ағаш бұтақтарына орнатып шықты.
Әртүрлі пішінде және түрлі түстермен безендірілген ұялар балалардың қиялы мен шеберлігінің нәтижесін көрсетіп, аумаққа ерекше көрік берді. Акция тек сәндік сипатта емес, сонымен қатар үлкен тәрбиелік мәнге ие болды.
Экологиялық шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында туған өлкенің табиғатына, оның тірі әлеміне деген сүйіспеншілікті, қамқорлық пен жауапкершілікті қалыптастыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар балалардың табиғатты түсінуіне, құстарға деген жанашырлық сезімін дамытуға және экологиялық мәдениетті ерте жастан сіңіруге септігін тигізеді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА