Поэзия

Тауларға қарап…    

Таулар-ай, таулар, мұнарттың,

Шыңдарға қарап құмарттым.

Мезі ғып кейде, қу тірлік,

Арқаға біраз мұң арттың.

Тірліктің жайы – тапыраң,

Іште көп қайғы-запыран.

Жүйкеге салмақ түсірген

Ойлардан ауыр аһ ұрам.

Тау жаққа қарап…

Мұң шағам,

Қатыгез неге мұнша адам?

Табиғат түсі жабырқау,

Не болып кетті бұл ғалам?

Ну орман өртке шарпылып,

Өзен-көл суы тартылып…

Кең далам тұр-ау құлазып,

Аралым анау – жарты үміт.

Сексеуіл, жыңғыл сиреген,

Жапан түз жолы – ирелең.

Ақбөкен жортқан, құт мекен,

Кім саған көзін түйреген?

Таулар-ай, таулар, тауларым,

Жанымды менің  баурадың.

Тасжүрек залым жандардың

Пейілінен суық жаурадым.

Таулар-ай, таулар, тауларым,

Сезімді тербеп, жауладың.

Мұңымды айтар жан таппай,

Жабырқап бітті сау жаным.

Тауларға қарап…    

Ибрагим Бекмаханұлы.

Басқа материалдар

Back to top button