АймақБас тақырыпҚарағанды

«Таугүл» тұрғын үй кешеніндегі өрт: электр, интернет және жылыту жүйелері істен шықты

Кеше Қарағандыда Мұқанов көшесі 78/3 мекенжайында орналасқан «Таугүл» тұрғын үй кешенінің А блогында өрт оқиғасы тіркелді. Оқыс жағдай жертөледегі электр кабельдерінің жануынан басталып, қою түтіннің тез таралуына әкеп соққан. Өрт кезінде түтін мен күйген иіс кіреберісте лезде таралып, жоғары қабаттағы тұрғындарға тікелей қауіп төндірді, деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Сурет: облыстық ТЖД видеосынан алынған скриншот

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел бөлімшелері дереу жетіп, барлау жұмыстарын жүргізді және қауіпсіздік шараларын қабылдады. Өрт сөндірушілер құтқару қалпақтарын пайдаланып, 15 адамды, оның ішінде 5 баланы қауіпсіз жерге алып шықты. Сонымен қатар, 20 адам, оның ішінде тағы 5 бала эвакуацияланды.

Тұрғындарды жылыту және уақытша орналастыру үшін арнайы «Вахтовка» көлігі жұмылдырылды.

Өрт сөндірушілердің кәсіби әрі жедел әрекеттерінің нәтижесінде тілсіз жау толықтай ауыздықталды. Зардап шеккендер жоқ. ТЖД мамандары өрттің нақты себебін анықтау бойынша тексеріс жүргізуде.

Тілсіз жаудың салдарынан тұрғын үй кешеніндегі электр және интернет сымдары, сондай-ақ жылыту жүйесінің бір бөлігі зақымданды. Қазіргі таңда кешенде қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button