Жаңалықтар

Тауар өндіру – өркендеу жолы

«Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ бастамасымен Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасында дөңгелек үстел өтті. «Ұзақмерзімді шарттар жасасу, перспективалы және бәсекеге қабілетті өнім шығаруды меңгеруге ықпал ету» тақырыбында өткен жиында облыс кәсіпкерлері мен жүйе құраушы ірі кәсіпорындар арасындағы кәсіби қызмет көрсету талқыланды. Сондай-ақ, жиын барысында «Қазцинк» ЖШС мен қарағандылық өндірушілер арасында жалпы сомасы 3 миллиард теңгені құрайтын ұзақмерзімді Оfftake-шарттар (өзара серіктестік ниеті) жасалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қарапайым заттар экономикасын» естен шығармау қажеттігін және ол жұмыстың негізгі басым бағыты болатынын айтқан болатын. Халық күнделікті тұтынатын азық-түлік, киім-кешек сияқты тұрмысқа аса қажетті өнімдер мен заттар жалпы экономиканың дамуына сүбелі үлес қоса қоймағанымен, тұтынушылар сұранысын қамтамасыз ететін тауарлардың басым денін құрайтыны белгілі.

Жиынды ашқан өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Ернар Күлпейісов осы орайда бизнес жобаларға қолдау көрсетілетінін, қаржыландырудан бастап, жұмыс барысында туындайтын проблемаларды да шешуге ықпал ететін «Жобалық кеңсенің» құрылғанына тоқталды. Ернар Дауылұлының айтуынша, биылдан бастап өңірлік кәсіпкерлер палатасы «Индустриалдық сертификатты» да бере бастады. Осы арқылы жергілікті кәсіпкер өзінің өндірістік қуаттылығын растап, отандық өндіруші ретіндегі мәртебесін куәландыра алады. Сондай-ақ, палата жанында отандық бизнестің, оның ішінде қарағандылық кәсіпкерлердің жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын, халық тұтынатын тауар өндірушілерге қолдау көрсететін комиссия да жұмыс істейді.

«Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов жергілікті тауар өндірушілерге QazIndustry мен Бүкіләлемдік банктің бірлескен жобасы – Жеткізушілерді дамыту қызметінің іске қосылғаны туралы хабардар етті.

– Жеткізушілерді дамыту функцияларына қызметтерін Қазақстанда жүзеге асыратын жергілікті ірі және халықаралық корпорациялар мен шағын және орта кәсіпорындардың нарықтық байланысын кеңейту міндеті кіреді. Нәтижесінде, олар ірі мемлекеттік, квазимемлекеттік, жеке және көпұлтты компанияларға тауарлары мен қызмет түрлерін ұсыну мүмкіндігіне ие болады. Бірінші кезекте бағдарлама газ, мұнай, металлургия және тау-кен саласындағы кәсіпорындар арасында жүзеге асырылады, – деді Тұрар Бейбітұлы. Осы орайда жиынға шақырылған облыстағы тауар өндірушілер мен қызмет түрін жеткізушілер ірі жүйеқұраушы кәсіпорындар мен жер қойнауын пайдаланушыларға көңілдеріндегі базыналарын жеткізді. Айтуларынша, ірі кәсіпорындар арасында тауар немесе қызмет түрі дер кезінде ұсынылғанына қарамастан, төлемақы кешіктірілетін жағдайлар жиі орын алатын тәрізді. Оның үстіне, мемлекеттік тапсырыс арқылы белгілі бір қызмет түрін ұсынуға немесе тауар жеткізуге қатысты тендерге қатыса алмай қалатындары тағы бар. Нәпақасын осы арқылы тауып отырған шағын кәсіпорындардың тендерге қатыса алмай қалуы, әрине, құрдымға кеткені. Сондай-ақ, өздерінің сапалы тауар ұсынатындарына сендірген отандық өнім өндірушілер, көп жағдайда Ресейден немесе Қытайдан жеткізілетін тауарларға басымдық берілетінін де тілге тиек етті. Кәсіпкерлердің пікірлерін тыңдаған «Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары олардың тілектері болашақта ескерілетініне сендірсе, көтерілген бірқатар мәселелер бойынша жиынға қатысқан жүйекқұраушы ірі кәсіпорындардың өкілдері де жауап берді.

Дөңгелек үстел отырысында «Қазцинк» ЖШС мен отандық өндірушілер арасында offtake-шарттар жасалды. Олардың қатарында «Фирма Углемеханизация», «Вира-Майна Қазақстан», «Profland», «Леотек KZ», «ГЗП Атлант» және «АлбаСтройДор» ЖШС болды. Сондайақ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС мен «Inkar-1» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button