Тауарға рұқсат беруде қандай кедергілер бар?

«СУР-СХ» ЖШС құрылтайшысы, «Баймырза-Агро2018» ЖШС құрылтайшысы әрі коммерциялық директоры Ержан НАШАРОВТЫҢ төрағалығымен Облыс бойынша монополияға қарсы департаментінің Кедергілер жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында тауарларға рұқсат беру құжаттарын, атап айтқанда СТ-KZ сертификатын беру саласындағы кедергілер қаралды.

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 24 ақпандағы № 155 бұйрығымен бекітілген тауардың шығарылған елін айқындау, тауардың шығу тегі туралы сертификат беру және оның күшін жою жөніндегі қағидаларға сәйкес тауардың шығу тегі туралы сертификаттың қолданылу мерзімі Қазақстан Республикасы үшін күшіне енген халықаралық шарттарда айқындалған. «Түпнұсқа» нысанындағы сертификаттың қолданылу мерзімі берілген күннен бастап 12 (он екі) айды құрайды. Сериялық өнімнің шығу тегі туралы сертификаттың қолданылу мерзімі өндірістік процестің өзгермеуі сақталған жағдайда, берілген күннен бастап 6 (алты) айды құрайды.

Сертификаттың шектеулі қолданылу мерзімдері жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін қосымша шығындар болып табылады. Оның ішінде – уақытша шығындар. Ал, бұл дегеніңіз жалпы тауарды өндіруге немесе өткізуге әсер етеді. Аталмыш мәселелер жайлы кедергілер жөніндегі кеңес мүшесі, «Мутлу Экспорт» ЖШС директоры Дос-Мұқасан Таукебаев атап көрсетті.

Әкімшілік рәсімдерді жетілдіру жөніндегі шаралар, оның ішінде тауардың шығу тегі туралы сертификаттың қолданылу мерзімін оңтайландыру бизнесті жүргізу үшін неғұрлым қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне республиканың ішкі нарықтарында тауардың шығу тегі туралы СТ-KZ сертификатының қолданылу мерзімін ұлғайту мәселесін Кедергілер картасына енгізу туралы ұсыныс дайындалды.