Демалыс күні Қарқаралыдағы «Барыс» демалыс орнында тау веложарысы өтті. Өңірімізге танымал спортшы, марафоншы Думан Бейсенаевтың бастамасымен осымен үшінші жыл ұйымдастырылған спорттық жарыс дәстүрлі шараға айналды деуге болады.
Додаға жергілікті спортшыларымен қатар, Астана, Қарағанды, Жезқазған, Теміртау қалаларынан арнайы келгендерді қосқанда, барлығы 35 велошабандоз қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында осы бұқаралық спорт шарасының демеушісі, жергілікті кәсіпкер, байырғы журналист Мейрам Сағымбеков пен ардагер спортшы Әлиасқар Әбеуов спортшыларға ақ жол тілеп, батасын берді.
Жас шамасы әр алуан велоспортшылар орман-таудың ішімен жиырма шақырымдық жолды жүріп өтті. Олардың қатарында мектеп оқушыларынан бастап ақсақал жасындағы кісілерге дейін бар. Нәтижесінде, ерлер арасында мәре сызығын қарағандылық Максим Россаднев бірінші болып қиды. Екінші болып қарқаралылық Дамир Беспаев және үшінші болып тағы бір қарағандылық Павел Ефимов келді. Ал қыздар арасында қарқаралылық Ангелина Корнукий жеңімпаз атанып, екінші орын қарағандылық Оксана Конненконың, үшінші орын астаналық Әсем Байзақованың еншісіне бұйырды. Үлкендердің арасында Көктас ауылынан келген 68 жастағы Жұмаш Құрманғалиев мәреге бірінші жетті.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, естелік сыйлықтармен марапатталды.
Көпшілік үшін осындай бұқаралық спортты насихаттаған пайдалы да көңілді шараны ұйымдастырған қарқаралылықтарға, спорт жанашырлары Жанбота Тойшыбеков, Дәулет Кәкібаев, Қанат Дүйсенбаев сияқты азаматтарға алғыс айтамыз. Айта кету керек, кәсіпкер Мейрам Сағымбеков ағамыз 70 жасқа толған мерейтойына аста-төк дастархан жайғаннан гөрі сол қаражатқа осындай көпшілік шараға демеуші болғанды жөн көріпті. Өзгелерге үлгі боларлық қайырлы шешім. Енді Мейрам ағамыз тағы жақында ардагерлер арасында ұйымдастырылатын бильярд турниріне де демеушілік жасамақшы. Салауатты өмір салтына үндеген үлкендеріміз аман болсын!
Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы
Ortalyq.kz