Жаңалықтар

Тау қойнауындағы тарлан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағаланатынын ескертті. Осы орайда өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттыратынын ерекше атады. Аймақтағы «Kazakhmys Coal» ЖШС «Молодежный» разрезінің тау-кен жұмысшысы Маулет Бершімбаев көмірді ұңғылау, жару, игеру жұмыстарымен айналысады.

– Теміртау жоғары техникалық оқу орнын сырттай бітіріп, автомеханик мамандығын меңгердім. «Молодежный» разрезінің тау-кен жұмысшысы ретінде жұмыс істегеніме 10 жылдан асып кетті.
Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы – еліміздің экономикалық дамуын нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Осы орайда еңбекқор адамдардың, кәсіби маманның жұмысы бағаланып, қоғам тарапынан құрметке ие болғаны жақсы. Қарапайым еңбегімен адал табысқа жетіп жүрген мамандарға құрмет көрсетуіміз керек, – дейді Маулет Бершімбаев.

Оның айтуынша, бөлімдегі негізгі технология тау-кен жұмыстарын жүргізу аясында орындалады.

– Көп жағдайда белгілі құралдар арқылы көмірді және топырақты жару жұмыстарымен айналысамыз. Жарудың қатарына өндіру, аршу, үйіндіні бұрғылап жару және көлікпен тасымалдау жұмыстары жатады. Жару тәсілі бұрғылауды қолдану арқылы жүзеге асады. Тау жыныстарын бұрғылап қопарудың мөлшері жалпы кен өндірісіндегі еңбек көлемінің 10-20 пайызын құрайды, – дейді Маулет Бершімбаев.

Тау-кен жұмысшысының айтуынша, қазіргі кезде тау-кен кәсіпорындары қуатты, жоғары өнімді бұрғылау станоктары мен арбалары, экскаватор және тиеу­-тасымалдау машиналарымен жасақталған. Жақсы жарылыс жұмыстарынан пайда болатын бірқалыпты қопарылған кесектер шығымы тасымалдау жұмыстарын 1,5-2 есе жеңілдетеді. Соның нәтижесінде қазбалардың сенімділігі мен қызмет ету уақыты 2-3 есеге артады.

– Жұмыс 8:00-де басталады. Қазіргі таңда силитра және солярка мен сабынды 100 градуста қайнатып, жару үшін қосымша қолданатын эмульция алумен айналысудамын. Бұлардың қоспасы көмірді алу кезінде қолданылатындықтан, жаруға қосымша күш береді. Жұмыстың осындай қауіпті әрі жауапкершілікке толы тұстары бар. Мысалы, көмірді жаруға қажетті оқ-дәрілер түнгі уақыттарда немесе таңда келеді. Оны қабылдап, түсіріп, тасудың өзі үлкен күшті талап етеді. «30 тонна силитра атасыңдар» деген тапсырма түскен күні түске дейін басқа, түстен кейін өзге аймақта жүреміз. Жарылыс жасағанда ол жерден 1,5 шақырым алыс болуымыз керек. Жарылғыш заттарды жарылыс жұмыстары жүргізілетін орындарға жеткізу де біздің қызметтің басты талабы. Жарылғыштың одан әрі жұмыс істеуі үшін ұңғыманы дайындаймыз. Басқалары блокты қорғаумен айналыса алады, өткізу жүйесін жүзеге асырады, тәртіпті бақылайды, – дейді ол.

Сондай-ақ, жобаға сәйкес учаскедегі жұмыс жоспарын орындау да оның міндетіне кіреді. Жұмыс өндірісінің технологиялық реттілігінің сақталуын бақылай отырып, нарядтар беру, аяқталған жұмыстарды қабылдау – күнделікті орындалатын жұмыс.

– Жұмыс белгілі жоспарға сай жүреді. Жоспар артығымен орындалса, жалақымыз жоғары. Бүгінде жалақы мөлшері – 400 000. 15 күн істеп, 15 күн дем аламыз. Бұл жұмысты үлкен ниетпен, қызығып істегендер ғана ұзаққа барады, – дейді Маулет Бершімбаев.

Дегенмен, тау-кен жұмыскері шахтаға қызығушылық танытқан жастар болса, көмірді бұрғылап, жару жұмыстарын үйретуге қарсы емес.

– Бастапқыда жастарды көмір орнының ауқымы, алып өлшемдері экскаваторлар алаңдатуы мүмкін. Уақыт өте келе, әрине, бәріне үйреніп кетеді, – дейді ­тау-кен жұмыскері.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет кейіпкер мұрағатынан

Басқа материалдар

Back to top button