Тау-кен өндірісіндегі өзгеріс
Елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ғалымдардың күш-жігері практикалық мәселелерді шешуге бағытталуы тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды компаниясында мәлімдеген еді.
Қай кезеңді алсақ та, қоғамға тау-кен инженерлері әрдайым ауадай қажет. Олар экономикалық тұрғыдан пайдалы қазбаларды өндірудің жоғары тиімділігін ғана емес, тау-кен жұмыстарының максималды қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді.

Осы орайда атап өту қажет, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Тау-кен ісі» мамандығының студенттерін тәжірибеге бағытталған әдіспен оқыту сәтті жүзеге асырылуда. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаменті шахталарында өндірістік жағдайда оқудан тыс сабақтар үнемі ұйымдастырылып отырады. Онда барлық студенттер өндіріс үдерісімен танысады, пайдалы қазбаларды өндірудің технологиялық процестерін өз көзімен бақылайды.
Оқудан тыс сабақтар студенттерге өндірістегі тәжірибелі тау-кен инженерлерінен тау-кен жұмыстарын жүргізудің практикалық дағдылары мен шеберлік сабақтарын алуға, теориялық білімді бекітуге және кеңейтуге, технологиялар мен еңбектің озық әдістерін игеруге, кәсіби құзыреттілік деңгейін арттыруға көмектеседі.
Талантты студенттерді ғылыми-зерттеу жұмыстарына тарту – кафедра мен университеттің болашақ ғылыми әлеуетін өсіруге ықпал етеді. Нәтижесіне келсек, «Пайдалы қазбалар кен орындарын өндіру» кафедрасында 2022 жылы жас PhD докторлар «Жас ғалым» постдокторантура бағдарламасы бойынша 6 грант жеңіп алды.
Бұл бағытта техникалық университет ғылыми бағытын уақыт талаптарына сәйкес қалыптастырып, өндірістің өзекті мәселелерін шешу жолында ғылыми өнімдерін заман ағымына икемдеп, трансформациялауда.
Бүгінде еліміздің ғылымы қарқынды даму кезеңінде тұр. Тау-кен өнеркәсібіндегі дәстүрлі әдістер жаңа толықтыруларды қажет етеді. Бұл өз кезегінде тек жаңа зерттеулердің нәтижелерімен негізделеді. Ол үшін оқу процесіне жаңа заманауи бағдарламаларды, технологияларды және әлемдік тәжірибені енгізу қажеттігі айтпаса да түсінікті.
Университетте ғылыми зерттеулер жүргізу, оның нәтижелерін әлемдік рейтингтік ғылыми журналдарда жариялау, шетелдік жоғары оқу орындарында ғылыми және білім беру тағылымдамаларынан өту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Мәселен, жыл сайын докторантурадан кейінгі арнайы бағдарлама бойынша жас ғалымдарға ғылыми гранттар көптеп бөлінеді.
Білім беру жүйесінде тәжірибе алмасу және тағылымдама – маңызды компонент. Жылда студенттер мен магистранттар академиялық ұтқырлық және қысқа мерзімді білім алушылардың курстары шеңберінде тау-кен саласындағы өзекті дағдылар мен құзыреттіліктерді игеру бойынша тағылымдамадан өтеді.
Қазіргі уақытта Zhytomyr Polytechnical State University-мен бірлесіп, «Eco-Mining және табиғи ресурстарды инновациялық басқару» тақырыбымен Erasmus жобасын жүзеге асырудамыз.
Кен орындарын игеру сатысы туралы дәстүрлі түсінікті «табиғи мұраны сақтау» сияқты кезеңді қосу арқылы кең мағынада кеңейту мақсаты тұр алдымызда.
Бұл өз алдына Қазақстан Республикасында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таныстырған «Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласын» іске асыруға түрткі болуы мүмкін.
Атлас еңбек нарығын болжауды жақсарту, жоғары білім беру бағдарламаларын жаңарту және кәсіби стандарттарды жаңарту құралы ретінде қарастырылмақ.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, жаңа кәсіптер атласының көмегімен экономиканың қарастырылып отырған салаларының әрқайсысы бойынша әртүрлі құзыреттерге қажеттіліктерді болжауға болады. Бұл болашақ стратегиялық даму бағдарламаларының дәлдігіне оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, халықтың біліктілігін арттыруға деген түсінігі мен қызығушылығына, сұранысқа ие болатын өзекті дағдыларды немесе кәсіптерді оқытуға оң әсер етеді.
Университет басқармасының ғылым мен білім сапасын жетілдіру бойынша белгіленген жоспарлары ойдағыдай іске асырылады деп сенеміз.
Аскар ИМАШЕВ,
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Пайдалы қазбалар кен орындарын өндіру» кафедрасының меңгерушісі.