Татулықты ту еткен
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына байланысты түрлі іс-шаралар өткізілуде. Күні кеше Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған бірнеше елдің ғалымдары мен қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестік өкілдері шақырылды. Пленарлық отырыстың ашылу салтанатына Парламент Мәжілісінің депутаты Еркін Әбіл мен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов арнайы қатысты.
Елде 140-қа жуық этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнығуына осы этнос өкілдерінің қосқан үлесі де бір төбе. Осы конференцияда ынтымақ-бірлікті сақтау жолындағы қағидаларды, тұжырымдамаларды түйіндеп, 30 жылдың ішіндегі жетістіктері талқыланды.
– Қоғамдағы әлеуметтік әділеттілік кез келген мемлекеттің басты міндеті. Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі ең алдымен халықтың қалауымен жасалуда. Сондықтан, біз алған бетімізден қайтпаймыз. Бағытымыздан таймаймыз. Бүгінде алға қойған жоспарымызды пысықтап, мақсатымызды айқындаймыз» деп атап өткен болатын. Егер этносаралық келісім, нығайту мәселелерін әлеуметтік әділеттілік ретінде қарастырсақ, елімізде бірегей институт жұмыс істейді. Ол – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Қазіргі уақытта Ассамблея ел бірлігінің, татулығының басты факторына айналды. Қазіргі таңда түрлі бастаманың, қайырымдылық шараларының басы-қасында жүр. Көпке үлгі – «Жүректен – жүрекке» акциясын атамауға болмайды. Былтыр тасқын судан жапа шеккен өңірлерге ҚХА мүшелері 60 млн теңгеге жуық қаржы жинап, 128 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті. Және сол сияқты басқа да акциялары жетерлік, – деп атап өтті Нұрлан Рахметуллаұлы.
Сонымен қатар, Ресей, Болгария және басқа елдердегі жетекші университеттерден ғалымдар қатысты. Олар этносаралық келісімнің әлеуметтік, экономикалық және саяси құқықтық негіздерін баяндады. Әрі халықаралық ынтымақтастықты дамыту және әлеуметтік саясат саласында мамандарды даярлау мәселесі де пысықталды.
– Осыншама жыл ішінде талай жұмыстар атқарылды. Ғалымдармен тығыз қарым-қатынас орнатып келеді. 30 жылда атқарылған жұмыстар көп. Ғалымдармен де тығыз байланыс орнаттық. Әлбетте, қазіргі таңда бізге ғылымның берері көп. Осы пленарлық отырыста талқылаған мәселелер бойынша алда әлі атқарылатын жұмыстар бар, – деді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Вилен Молотов-Лучанский.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Тұлға дамыту және ҚХА орталығының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнар Жанысбекова қазақ жеріне келіп қоныс тепкен сан алуан ұлттар мен ұлыстар Қазақстанның дараэтностық сипатын көпұлттылыққа айналдыру үшін ғана келмегендігін айтады.
– Оның негізгі себептерінің алғашқысы және бастысы – мәжбүрлі түрде қоныс аудару болса, оның алғашқы толқыны крепостной орыс шаруаларының қазақ жеріне қарай үдере көшуінен бастау алғандығы тарих оқулықтарына енгізілген ақиқат. Осы кезеңнен бастап, Қазақстанда құрылған облыстардағы халықтың этностық құрамы әртүрлі болып қалыптаса бастады. Үрдіске қарамай бүгінгі таңда Қазақстан халқы деген біртұтас елдің бөлшектері – түрлі этнос өкілдерінің саны өте мол екендігін білеміз. Қазақ ұлтының қонақжай, достық мінезінің қандай екенін осыдан-ақ аңғаруымызға болады. Бүгінде сол ұлттармен арадағы қарым-қатынас үлкен дербес институттық формаға ие болған. Біз бұны Біріккен Ұлттар Ұйымы дейміз. Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясы – осы концепцияның негізгі құрылымы, – деді Гүлнар Әмірбайқызы.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген автор