Жаңалықтар

Татулықты ту еткен

Достық үйінде облыстың ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ түсірген «Бейбітшілік және келісім жолымен» атты бейнебаян жобасының тұсаукесері өтті. Фильмде бейбітшілік және келісімнің эталоны болған еліміздің ең ірі өңірлерінің бірі – Қарағанды облысының өткені мен бүгіні, болашағы туралы баяндалған. Бейнебаян қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің сақталуы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижесі екендігін баса аңғартады.

Сурет ұйымдастырушылардан

Фильмде облыстық өлкетану музейінің, саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің сюжеттік желілері, Қарқаралы ауданының табиғи ландшафттары және Қоянды жәрмеңкесінің тарихы, «Шахтерское» ЖШС және Саран қаласының «Qaztehna», «KamaTyres» ЖШС қызметі бейнеленген. Сондай-ақ, бейнебаянда қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің сақталуы – Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижесі екендігі айқын көрсетілген. Жоба барысында өңіріміздегі еңбек ұжымдарының, адамдардың тағдыры, этнос өкілдерінің экономикалық, әлеуметтік дамуына қосқан үлесі, бейбітшілік пен келісім саясатының нәтижелері көрсетілген.

Тұсаукесерге мемлекеттік орган қыз­меткерлері, этномәдени бірлестік өкілдері, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдары, жоғары оқу орындары студенттері, өнеркәсіптік кәсіпорындардың өкілдері, қоғам қайраткерлері және жобаның шығармашылық тобы қатысты.

Бейнебаянның тұсаукесер салтанатында облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов сөз сөйледі.

– Ел Президенті Ассамблея сессиясында: «Бірлік пен татулық және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз» деген болатын. Сондықтан бұл жоба еліміздің басты құндылықтарының бірі – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік моделін үлгі етуге бағытталды. Жалпы жобаға Қарағандының әлеуметтік-мәдени экономикалық дамуын көрсететін 100-ден аса нысан, 20-дан астам негізгі кейіпкер қатысты. Өңіріміздің 3 даму кезеңі – тарихы, қазіргі жағдайы, болашағы қамтылды, – деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, фильм сценарийін жазған Сергей Журавлев пен Гүлнара Касембаева, қоюшы топ Андрей Ганненко, Максим Мицуков, жүргізушілер Жанара Елшібекова, Бекарыс Ахметолла, Александр Бочаров. Ал, атқарушы директор Дмитрий Полтаренко.

– Бұл жоба бүгін ғана қолға алынған дүние емес. Көп жылдар бойы басқа форматта жүзеге асырылды. 1-2 жыл бұрын осы жобаны бейнебаян ретінде шығару жоспарланған болатын. Бүгін, міне, фильм­нің тұсауы кесілді. Бейнебаянда бірлік пен келісімнің арқасында қол жеткізген біздің жетістігіміз, еңбек етіп жүрген адамдар, ауыл шаруа­шылығы, өндірістік кәсіпорын нысандары, талантты жастар көрсетілді. Әрине, «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген. Біз осындай жетістікке бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан ұлттардың бірлігі мен бейбітшілігі арқасында қол жеткізіп келеміз, – деді «Қоғамдық келісім» КММ директоры Гүлнара Касембаева. Сондай-ақ, фильмді түсіруге атсалысқан шығармашылық ұжымға алғыс білдірді.

«Бейбітшілік және келісім жолымен» атты бейнебаянды тамашалаған көрермен Қарағанды облыстық «Полония» поляк қоғамының төрағасы Виталий Хмелевский фильмнің көңілден шыққанын айтып, өз әсерімен бөлісті.

– Бейнебаянда елімізде болған ашаршылық оқиғасы да қамтылды. Өткен тарихты білу жастарды рухтандырады. Барша қарағандылықтарға өңірдің өткен тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы ақпараттық мәлімет берілді. Тарихи факт, аймақтың экономикалық жетістіктері де қамтылған. Саран зауыты туралы естігеніммен, осы жобада алғаш рет тереңірек таныстым. Фильм патриоттық тәрбие береді, – деді Виталий Альбертович.

Айта кетейік, YouTube желісінде Дос­тық үйінің арнасы ашылған. Аталған фильмді арнадан тамашалауға болады.

Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button