Татулықтың тамыры – тереңде
Нұралықтар бірлік пен татулықты ту еткен 1 мамыр мерекесін бар сән салтанатымен атап өтті. Тіліне, дініне ұлтына қарамастан, бір-біріне құрмет көрсетіп, шеруге шыққан мыңнан астам аудан орталығының тұрғындары мерекенің маңыздылығын айшықтай түсті.
Нұра ауданының «Тәуелсіздік» мәдени-демалыс саябағыннан басталған мерекелік шеру орталық «Нұра» стадионында салтанат құрды.
«Бір шаңырақ астында!» атауымен ұйымдастырылған мерекелік бағдарлама, аудандағы 100-ден аса этнос өкілдерінің ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрін дәріптеді.
Тассуат және Заречное ауылдарының орыс және украин ұлтының орталықтары өз ұлтының өнерінен шашу шашса, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары «Ғасыр үндестігі» деп аталатын театрландырылған концерттік бағдарламада терең тарихы бар Қазақ елінің ұлылығын ұлықтап, бірнеше ұлт өкілдерінің өнерлері көрермен назарына ұсынылды.
Мерекелік шараға арнайы келген аудан әкімі Ниқанбай Омарханов аудан тұрғындарын құттықтады. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырыс-несібесі артып, көші ілгері жылжып, болашағы айқын боларын атап өтті. Мерекенің соңы спорттық ойындар мен би кешіне ұласты.
Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.
НҰРА ауданы.