АймақТеміртау

Татулық туы астындағы би фестивалі

Бұрнағы күні Теміртау қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылуының 30 жылдығына арналған “Бір ту астындағы татулық” би фестивалін қалалық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері ұйымдастырып, өткізді.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Бұл іс-шараның мақсаты Қазақстан аумағында ғасырлар бойы қалыптасқан көпұлтты қоғамның мәдениетін, ұлттық болмысын және этностар арасындағы өзара сыйластықты би өнері арқылы паш етіп, кеңінен насихаттау болды.

Фестиваль аясында қаладағы түрлі этностардың шығармашылық топтары өздерінің ұлттық дәстүрлерін, салт-санасын және мәдени құндылықтарын бейнелейтін би қойылымдарын көпшілік назарына ұсынды. Әрбір өнер ұжымы сахнаға өз халқының рухани байлығын, әдет-ғұрпын және қайталанбас ұлттық ерекшелігін алып шықты. Түрлі ырғақтар мен қимылдарға құрылған билер көрермен қауымды бірден баурап алып, олардың жүрегіне жылы сезім ұялатты.

Іс-шара барысында сахна тек өнер көрсететін алаң ғана емес, сондай-ақ халықтарды жақындастыратын, достық пен ынтымақты танытатын ортаға айналды. Ұлттық нақышқа толы қойылымдар Теміртау қаласында тұратын этностардың бір-бірімен тату, бірлігі жарасқан және ортақ мақсатқа жұмылған жандар екенін айқын көрсетті.

Фестиваль соңында оған қатысушылар мен ұйымдастырушылар Қазақстан халқы Ассамблеясының елдегі бейбітшілік пен ынтымақты нығайтудағы маңызын және осындай мәдени шаралардың халықтар арасындағы достықты тереңдетуге ықпал ететінін ерекше атап өтті.

Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ

Басқа материалдар

Back to top button