ТАТУЛЫҚ – тұтастық тұғыры
«Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» дейді дана жұрт. Алаш елі алты құрлыққа алауыздығымен емес, ауызбіршілігімен аты мәлім. Ашса – алақан, жұмса – жұдырық! Ұлтты ұйыстыратын ұлы қуатымыз да – сол! Бір шаңырақ астында берекеміз артып, мерейіміз тасығаны – бір-бірімізге деген бауырмалдық емей немене?
Осылай деп отырғанда ормандай оқырманы бар «Орталық Қазақстанның» алғашқы бетіндегі аталы сөзге көз түссін барып. «Сөздің атасы – бірлік, анасы – шындық». Аузы дуалы Қаздауысты Қазыбек бидің қазып айтқаны! Келдібектен туған ұлдың кемеліне келтіріп жеткізген ақиқаты – осы! Апыр-ай, бірлікті көксемейтін сөздің шындығын қайтпек керек?! Сондықтан болар, кемеңгер бидің «Сөздің атасы – бірлік» деп алдымен татулықты ту етуі де тегін емес. Алмағайып заманда Алаш амандығын, Тұран тұтастығын сақтап қалған да осы – бірлік емес пе еді?
Аттың жалы, түйенің қомында тағдыр таразылаған жаугершілік заман келмеске кетті дегенмен, тұтастығыңнан айырылсаң, топырағың тұрмақ, тоқымыңа дейін турап әкетер дәуір ұзай қойған жоқ. Ақинақтың жүзі, ақтаңдақтың ізімен жазылған том-том тарихымыз соның дәлелі іспеттес. Ендеше, Көшбасшымыздың көрегендігі мен ерен ерлігі, Ассамблея құрып, ауызбіршілікке шақыруы – алауыздықтың алдын алуды көздемей, нені көздесін? «Қарасың» деп қарғап, «аққұбасың» деп алалап жатқан адам жоқ Алаш топырағында. Көк аспанда – күн, қара жерде – Қазақстан жалғыз. Ал, Қазақстанның Ғажапстанға айналған сәті – бірлікті береке деп білген күні болмақ! Тұрақтылықты – тұлпар, татулықты – сұңқар етіп, ертеңгі күнге бой түзейтініміз де содан.
«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» керемет күндермен кезіккіміз келеді. Бүкіл әлемді бауырымзға басып, 120 ұлттан сөз ұққымыз келеді. «Бірлік бар жерде – тірлік барын» түйсінеміз, арайлап атқан таң мен манаурап батқан күнге сүйсінеміз. Бейбіт аспанды былғағымыз, бірліктен өзге әнді шырқағымыз жоқ. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» құтты заманның құзырында тұрып, қиялға құлаш ұрамыз. Алаш деп аталар алып шаңыраққа уығы болып қадалып, керегесі болып керілгіміз келеді.
«Төсекте басымыз қосылмаса да, төскейде малымыз қосылған» жұрт едік. Елдігіміз – іргелі, бірлігіміз – баянды болғай!
Рауан ҚАБИДОЛДИН