Алғыс айту күні – мейірімділіктің және адамгершіліктің мерекесі
1 наурызда – елімізде көктемнің ең алғашқы күнімен тұспа‑тұс келетін рухани маңызы зор мереке Алғыс айту күні атап өтіледі. Бұл күн – барша қазақстандықтардың береке‑бірлігі, өзара құрмет пен татулық, сондай‑ақ, ел тағдырына ортақ жауапкершіліктің айшықты символы. Бұл мереке – қазақстандықтар бір‑біріне деген ризашылығын білдіретін, ортақ тарихи тағдырды құрметтейтін күн ретінде қалыптасты. Елімізде 130‑дан астам этнос пен 18 түрлі конфессия өкілі бейбіт әрі үйлесімді түрде бірге өмір сүріп, өз мәдениетін сақтауға мүмкіндік алып, өніп-өсуде. Бұл – жалпыұлттық татулықтың айқын көрінісі.

Өткен ғасырда Қазақстанға түрлі этностар қоныс аударған қиын кезеңде қазақ елі шекарасын кең пейілмен ашып, оларды құшақ жая қарсы алды. Түрлі этнос өкілдері осында қалып, еңбек етіп, өніп-өсті. Олар бүгін Қазақстанды өздерінің Отаны деп санайды. Сондықтан, Алғыс айту күні өзара қолдаудың, мейірімділіктің және адамгершіліктің мерекесі ретінде де қабылданады.
Қазыналы Қарағанды облысы – тарихи тұрғыдан бірегей ынтымақтастық, өзара қолдау және бірлескен еңбек кеңістігі қалыптасқан еліміздегі ең көпэтносты өңірдің бірі. Мұнда түрлі этнос өкілдері өңірдің индустриялық әлеуетін бірге игеріп, ғылым мен мәдениетті, білім беруді дамытып, тәуелсіз Қазақстанның берік экономикалық негізін қалады. Ортақ тарих, ортақ еңбек және ортақ жауапкершілік – жалпыұлттық бірліктің мызғымас іргетасына айналды.
Бүгінде еліміз жаңғырудың маңызды кезеңін бастан өткеруде. Саяси жүйені жаңғыртуға, құқықтық мемлекетті нығайтуға, экономиканы дамытуға, кәсіпкерлікті, ғылым мен білімді қолдауға бағытталған ауқымды реформалар әрбір азаматтың белсенді қатысуын талап етеді. Осы тұрғыда Алғыс айту күні ерекше мәнге ие. Ол – елдегі өзгерістерге бастайтын бағдарламаларды іске асыруға, тұрақтылықты нығайтуға және мемлекетті дамытуға елеулі үлес қосқан барша қазақстандықтарға деген ризашылықтың көрінісі.
Біз жұмысшы мамандық иелеріне, кәсіпкерлерге, ғалымдар мен педагогтарға, дәрігерлер мен мәдениет қызметкерлеріне күнделікті еңбегі арқылы азаматтық патриотизм, кәсібилік, еңбекқорлық пен жауапкершілік қағидаттарын жүзеге асырып жүрген барша жандарға алғыс айтамыз. Дәл осы қасиеттер елдің алға қарай нық қадам басуына тірек болуда.
Шуақты көктеммен бірге келетін Алғыс айту күні – жаңару мен жаңғырудың, жаңа бастамалардың бастауы. Бүгінгі таңда қоғам санасын жаңғыртуға, әділеттілікті нығайтуға және жауапкершілік мәдениетін дамытуға бағытталған жүйелі саясат жүргізіліп жатқан кезеңде бұл символизмнің маңызы айрықша. Көктем – ояну мен өсіп-өркендеудің, жақсылыққа ұмтылудың белгісі. Бұл – қуатты, әділетті әрі тұрақты мемлекет құруға бағытталған заманауи реформалардың мазмұнымен үндес құндылық.
Қоғам өмірінде жасампаз моральдық-адамгершілік бағдарларды қалыптастыру айрықша мәнге ие болуда. «Таза Қазақстан» акциясы – экология мен қоршаған ортаның тазалығына қамқорлықпен қатар, ой тазалығына, адалдыққа, ар-ұжданға және заңды сақтауға құрметтеуге деген талпыныс. Бұл – елімізге, оның ресурстарына, тарихы мен дәстүріне жанашырлықпен қарау мәдениеті. Осындай құндылықтар нық сенім мен орнықты дамудың берік негізін қалайды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы және Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктері қоғамдық келісімді нығайтуға, волонтерлік қозғалысты дамытуға, қайырымдылық жобаларды қолдауға, жастарды білімге құштарлық, гуманизм және азаматтық жауапкершілік рухында тәрбиелеуге бағытталған бастамаларды белсенді жүзеге асырып келеді. Біз ризашылық сезімін білдіре отырып, қоғам игілігі үшін еңбек етуге және оң өзгерістерді қолдауға дайын белсенді өмірлік ұстаным деп түсінеміз.
Жас ұрпақтың сапалы білім мен жүйелі тәрбие алып, бәсекеге қабілетті болып өсуіне ерекше көңіл бөлінуде. Жалынды жастар да Қазақстанның болашағын қалыптастырудағы өздерінің міндетін терең сезініп, реформалардың нәтижелері мен ел дамуына жеке жауапкершілігін ұғынуы маңызды.
Алғыс айту күні жалпыұлттық тең мүмкіндіктерге, өзара құрметке және ортақ мақсатқа тәуелсіз, қуатты әрі әділетті Қазақстанды нығайтуға негізделетінін айшықтайды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Қарағанды облысындағы этномәдени бірлестігінің жетекшісі ретінде ел тағдырына бейжай қарамай, татулық пен тұрақтылықтың, ашықтық пен ынтымақтастық мәдениетін қалыптастыру аса маңызды деп есептеймін.
Ел көлеміндегі ауқымды реформаларды жүзеге асыруға атсалысып, экономиканы нығайтып, әлеуметтік саланы дамытып, қоғамдық тұрақтылықты сақтауға үлес қосып жүрген барлық қарағандылықтарға шынайы алғыс білдіреміз. Бүгінде бірлескен күш-жігердің арқасында әділеттілікке, кәсібилікке және жасампаздыққа негізделген қоғамдық өмірдің жаңа сапасы қалыптасуда.
Алғыс айту күні еліміздің болашағы үшін ортақ жауапкершілігіміздің символына айналуда. Бұл өз кезегінде Қазақстан халқының күш-қуатына деген сенімді нығайтып, жаңа жетістіктерге шабыттандырсын және бірлік, еңбек пен өзара құрметтің одан әрі дамып, өркендеуіміздің берік негізі екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Көктем әр шаңыраққа жаңару, сенім және жаңа мүмкіндіктер әкелсін. Жалпыұлттық бірлік пен жасампаздық рухы ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының орнықты әрі өркендеген болашағының кепілі болғай!
Виталий ХМЕЛЕВСКИЙ,
Қазақстан поляктары одағының төрағасы



