Тату елдің тағамы тәтті
Территориямыздың үлкендігі, жер бедерінің алуан түрлілігі, ауа райы мен өмір салтының ерекшеліктеріне сәйкес әр өңірдің тамақ мәзірінде айырмашылықтардың болуы заңды. Орталық болсақ та, көкөністен де, балықтан да бас тартпаймыз. Жемістер, науат, тары қосылған шай да таңсық емес қазір.
Қазақ халқының ас мәзірінің қалыптасуына көшпелі өмір салты, біртіндеп отырықшылыққа ауысу, шаруашылық пен тұрмыстағы айтарлықтай үлкен өзгерістер әсерін тигізетіні анық. Десе де ұлттық тағамдар тұтас Қазақстан үшін ортақ. Ол – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ерекшелігіміз.
«Астан үлкен емессің» дегенінен-ақ қазақ халқының асты жоғары бағалап, қадірлегенін аңғару қиын емес. Яғни, қазақ халқы үшін дастарқаннан үлкен нәрсе жоқ. «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген даналық та халқымыздың ел мен елді татуластыруды мұрат етіп, өздерінің мырзалығы мен мәрттігін кең дастарқаны арқылы көрсеткенін білдірсе керек. Қазақтың ұлттық тағамы дегенде ет, бауырсақ, құрт-май, тары-талқанды бірінші айтамыз. Бірақ ұлттық тағамдарымыз мұнымен шектелмейтіні сөзсіз.
Ата-бабамыздың негізгі асы – ет. Сүттен де көп тағам түрлері дайындалған. Мәселен, құрт, айран, қаймақ, ірімшік, май, шұбат, қымыз, қымыран, тағы да басқа тағамдар. Қазақ әйелдері тағамдарды жазда да, қыста да бұзбай сақтаудың әдіс-тәсілдерін жақсы білген. Мысалы, бабы келіскен қымыз алу – үлкен өнер.
Дегенмен, уақыт сырғып, заман алмасқан сайын өзгеріп, басқа ұлттардың тағам түрлерімен танысып, араласа бастағанымыз рас. Ұмыт болып бара жатқаны да қаншама?! Оларды Наурыз мерекесінде ғана емес, жыл он екі насихаттауға еш кедергі жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Қазақтың рафаэллосы» аталып ірімшіктер сатылымға шықты. «Ұлт дәмі», «Құртафелло», «Қазақ хауыс» деген атаулармен еліміздің түпкір-түпкіріне таралды. Ірімшіктің ағы, қоңыры бүгінде бәрі беледі, кәдімгі брендке айналған.
– Қыста қатпайды, жазда бұзылмайды. Бұрындары оларды әжелеріміз үйде дайындайтын болса, қазір кәдімгідей брендке айналған. Кәсіпкерлер оны әрлеп, «Қазақтың рафаэллосы» деген атау берген, – дейді «Алтын арба» сауда үйінің Нұржамал есімді сатушысы.
Көзін тапқанға ұлттық тағамдар – табыс әкелер кәсіп. Тағамның кез келген түрін бизнес көзі етуге мүмкіндік бар.
Талқаннан жент жасап, кәсібін жүргізіп отырған Гүлнұр Өміржанқызы оны саудаға шығармас бұрын, үйде жасап жүргенін айтады.
– Әлеуметтік желі бұл істі бастауға себеп болды. Балаларыма әзірлеген жентке тапсырыс түсе бастады, осылайша саудаға ұласып кетті. Кішкентайымнан анамның жанында жүріп, бидай қуырып, оны қол диірменінен өткізіп, жент жасауды үйрендім. Ерте жастан үй шаруасына араласқан соң, ұлттық тәттілерді әзірлеу еш қиындық тудырмады. Сондықтан тапсырыс көп түсе бастағанда, күн-түн демей бірден білек сыбана кірісіп кеттім. Бұл істе отбасым мен жақындарымның қолдауы зор болды, – дейді ол.
Дәл қазіргі уақытта тарыдан жасалған чизкейктер де үлкен сұранысқа ие болуда. Бидай ұнының орнына талқан, салмасына қаймақ қосылған тары пайдаланылады. Әлеуметтік желіде «хит» болып тұрған өнім. Оны дайындап та, әзірлеу әдісін үйрету арқылы да табыс табуға болады.
Ысталған қазы-қарта, қаптамалардағы құрт-ірімшік, қымыз бен шұбат, тағысын тағы. Ұлттық тағамдардың заманауи үлгідегі сан түрі сөреде самсап тұр. Базар, дүкен, ірі сауда орындары дейсіз бе, таңдау өзіңізде. Мысалы, бір ғана құрт өнімін алайық. Оның жиырмаға жуық түрі бар. Көлемі, дәмімен түрленеді. Қаласаңыз, қызыл бұрышпен, түрлі дәмдеуіштермен, тіпті, райхан гүлі қосылғаны бар. Ұлттық тағамдарымызды табиғи дәмін сақтай отырып, насихаттау маңызды. Адам жаны мен тәнінің саулығы дұрыс және сауатты тамақтануына тікелей байланысты. «Ас – адамның арқауы» дегенді айтқан қазақ «Ауру – астан» екенін де ескерткенін ұмытпаған жөн.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz