Тастаяқтан турнир өтеді
28 маусым – Масс-медиа қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осы мереке аясында Қарағандыда дәстүрлі Нұрмахан Оразбек атындағы III аймақтық бильярд турнирі өтпек. Қара сөздің қадірін біліп, қалам құдіретіне бас иетін журналистер үшін бұл жарыс жыл сайын тағылымды шараға айналып келеді. Жарысты «Saryarqa Aqparat» ЖШС ұйымдастыруда. Ал, турнирдің бас демеушісі – ел ішінде еңбекқорлығымен, іскерлігімен танылған «Мұқаналиев» фермер қожалығының жетекшісі Боранбай Мұқаналиев.

Айта кетейік, сайыстың басты мақсаты – көрнекті қаламгер, қоғам қайраткері Нұрмахан Оразбектің есімін ұлықтау, оның кәсіби мұрасын кейінгі буынға үлгі ету. Сонымен қатар, аймақтағы журналистердің басын қосып, қарым-қатынасты нығайту. Биылғы турнир 26 маусымда Қарағандыдағы «Достар» бильярд клубында өтпек. Қатысушылар сол күні сағат 15:30-дан бастап тіркелуі қажет. Сағат 16:00-де шараның салтанатты ашылу рәсімі өтсе, алғашқы партия 16:30-да басталады деп күтілуде.
Жарыс ережесіне биыл бірқатар жаңалықтар енгізілген. Атап айтқанда, бәсекеге тек Қазақстан Журналистер одағының аймақтағы мүшелері ғана қатыса алады. Сонымен қатар, қатысушылардан классикалық киім үлгісі де талап етіледі. Атап айтсақ, ақ көйлек, қара шалбар және жилет киюі шарт.
Турнир олимпиадалық жүйемен өтеді. Әр жұп үш партиядан ойнайды. Екі мәрте жеңілген қатысушы жарыстан шығады. Ал, қарсыластар сол жерде жеребе арқылы анықталады. Ойыншылар өз кийлерімен ойнауға құқылы. Дегенмен, ұйымдастырушылар тарапынан стандартты кийлер де беріледі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және демеуші ұсынған ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Қатысуға өтінімдер 20-25 маусым аралығында қабылданады. Тіркелу үшін қатысушылар +7 778 582 96 96 нөміріне хабарласуы қажет.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»