Нұра

Тассуаттағы табиғи апат

Төтенше жағдайлар қызметі 20-21 тамыз күндері облыс аумағында қатты дауыл соғатындығын ескерткен-ді. Қалта телефонымызға СМС-хабар да келді. Күткеніміздей, 20 тамыз күні кешке дауыл соғып, арты жаңбырға ұласты. Көрмей жүрген дауыл емес қой. Десек те, Нұра ауданындағы Тассуат ауылының үстімен жүріп өткен жойқын жел жағамызды ұстатты.

Кешкі сегізге таман басталған қатты жел айналасы он бес минутта ауылдың астын үстіне келтірген. Жел қарқыны – 18-20 м/сек. жеткен. Сол күні ауыл су, жарық, байланыс көзінен айырылды. Шатырларды ұшырды. Мектеп пен Мәдениет үйінің шатыры қазір жоқ деуге болады. Дауыл көшеде тұрған техниканы да төңкеріп тастапты.

Жергілікті билік жедел әрекет етті. Дауыл туралы хабар түскен сәтте аудан әкімі Ниқанбай Омархановтың тапсырмасымен аудан орталығынан арнайы топ құрылып, оқиға орнына жеткен. Ауылдағы жағдай бағамдалып, төтенше жағдай жарияланған.

Ертеңіне аудан әкімі Ниқанбай Омархановпен бірге облыстың төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің бастығы Ибрагим Күлшімбаев та Тассуатқа келді. Кешке ауылға жарық берілді. Материалдық шығындарды тексеру бойынша екі комиссия құрылып, дереу іске кірісті.

Комиссия шешімімен азды-көпті зардап шеккен 45 үй тіркелді. Комиссия тобы бағалаушы органдарды күтуде. Бұл жерде шатырынан бір-екі шифры ұшқан және шатырын толығымен көтеріп әкеткен үйлер де бар. Әр үйге берілер өтемақы сомасын арнайы шақырылған зерттеу-бағалау комиссиясы шешеді.

Бір айтары, төтенше жағдайдан «Нұра-Бидай» серіктестігі үлкен шығынға батып отыр. Шаруашылықтың 7 астық қоймасының, шеберханасы мен астық өнімдерін өлшеу пунктінің шатырын жұлып кеткен. Екі қойма жарты қабырғасыз тұр. Элеваторлар шатырсыз қалғандықтан астық тасымалдайтын ленталардың жартысы істен шықты.

Кеше аудандағы «Шахтер», «Пржевальский», «Қайнар», «Жарасбай» сынды ірі шаруашылықтардың басшылары Тассуат ауылына жиналып, серіктестікке көмек беру туралы ұсыныстарын ортаға салды.

Аталған мәселе облыс әкімінің назарында.

Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button