Таспаға түскен тастағы тарих
Біздің балалық шағымыздың өзіне тән пәлсафасы болды. Боз тақырда асық ойнап, көк жиекте доп қуып, сәл есейе келе қозы бақтық, шөп шаптық, балалықтың базарлы балдәуренінде ауылға тән қара жұмыстың біразын еңсеріп тастадық.
Аттестат алып, арман қуып, сырттай студент атанып, туған ауылға оралып, өзім оқыған мектепте мұғалім болып, шәкірттерге білім нәрін беруге кірістім. Жылдар жылжып, аудан орталығына ауысып, пионер мен комсомол ұйымдарының кеңсесін шиырлап тастап, ойда-жоқта өнер ордасы аудандық Мәдениет үйіне табан тіредім.
Оқымаған режиссер ретінде өнерпаздардан ауыл театрын құрып, оның «Халық театры» деген мәртебелі мәреге жетіп, бірнеше дүркін фестивальдың лауреаты атануына үлес қостым.
Бүгінде абыройы асқақтап, кезінде өнерімен Венгрия, Индия, Түркия сияқты шет елдердің сахнасында ұлттық өнеріміздің інжу-маржандарын көрсетіп, көрермендерді сүйсіндіріп, көзайымына айналған «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблінде де режиссер міндетін мойныма алдым.
Жас кезде қалыптасқан ұлттық құндылықтарға деген көңіл құштарлығын тудырған көркемөнер ұсталығы, қарттық қауымға қосылып, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де мазалап, баяғы дағдыға айналған арнаға қарай тартқылай бастады.
Осылайша ауылдағы халық театрының қарапайым режиссерлығы, қартайған шақта біртіндеп әуесқой кино режиссерлығымен қосақталды. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары Ақтоғай ауданында көкірегі қазына, санасында дәуір шежірелері сақталған зиялы ақсақалдарымыз көп болды. Өкініштісі сол өлара шақтағы аласапыран жылдары сол шежірелі ағаларымыз зерделеріндегі құнды қазыналарын жариялап үлгере алмай, көбісі өздерімен бірге алып кетті. Тәуелсіздікке енді ғана қолымыз жеткенде жастарымыздың жарқын болашағы үшін кәдеге жарар небір құнарлы дүниелер көзден ғайып болды. Оның үстіне, ұлттық мұраларымыздың бағын ашудағы талпыныстар жаңа кезеңді тосырқап, әлі де қанатын кеңге жая алмай, кідіріп тұрған өткінші уақытта, сондай-ақ әлемдік жаһандану өркениетімен жарыса келген заманауи технологиялар үрдісі жастар санасын жаулап ала бастаған алмағайып кезде, алмасқан дәуірлер мен жалғасқан ғасырлардың көне тарихын там-тұмдап болса да деректі фильм аясына сыйдырып көрсетудің мүмкүндіктеріне арқа сүйеуге тура келді.
Осылай ел мен жер тарихының қолжетімді құндылықтарын жинақтап, қарттарымыз бен жастарымызға да, студенттер мен мектеп оқушыларына да ортақ, тиімді насихат құралы ретінде экраннан көрсетуге бетбұрыс жасадық.
Ардың жүгін арқалаумен жүріп, арпалысып өткен арда ақсақалдарымыздың алтын қорының сарқытындай болып, аудандық музейде жинақталып, сақталған мол тарихи деректер мен архив құжаттарынан 2019 жылы «Ақтоғай тарихтың тас сандығы» деген танымдық фильм немерем Медеу екеуміздің ортақ талпынысымызбен алғашқы дүние ретінде жарыққа шықты. Аудан тарихын айшықтайтын біршама деректер бір жерге топтастырылды. Көрермендер қош көріп, ықылас-пейілін танытты. Әлеуметтік желіде 30 мыңнан астам көрермен тамашалады.
2021 жылы Қарағанды қаласының Октябрь ауданына Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан есімі берілуінің бір жылдығына орай, 2022 жылы тағы да немерем Медеу екеуміз, Әлиханның туған жері Ақтоғай ауданында 1992 жылы республикалық деңгейде тұңғыш рет өткен рухани шарадан бастап, 2022 жылдар аралығында Қарағанды, Астана, тіпті, Мәскеу қалаларында өткен шараларды қамтитын «Әлихан Бөкейхан – Ұлт-азаттық күрескері» атты танымдық-деректі фильм құрастырып шығардық. Бұл еңбек Қарағанды зерттеу университетін қосқанда республиканың түпкір-түпкірінде 23 дүркін қойылып, әлеуметтік желіге шығарылды.
2023 жылы Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайланып, тарихи оқиғаға айналғанынан төрт ай өткенде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында, «Қазақстанды таңбалы тастар мекені деп бекер айтпайды. Бұл жәдігерлер – Дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі. Біз теңдессіз тарихи нысандарымызды жоюға жол бермей, мұқият қорғауымыз керек. Құзырлы органдарға тиісті шара қабылдауды тапсырамын» деген ұстаныммен жариялаған бастамасына алғашқы болып қолдау көрсетіп, Сарыарқаның бір ғана ауданына тән тарихи мұраларымызды енгізу арқылы кең байтақ жеріміздегі тарихи құндылықтарды қорғап, сақтаудың маңыздылығын жеткізу туралы, ең бастысы жұртшылыққа таныстырудың тиімді тәсілінің бір жобасы ретінде, «Таста сақталған тарих» деген үшінші, ең соңғы талпынысым деректі фильм болып жарыққа шықты.
Қазақтың жазира даласы, тауы мен тасы сан ғасырлар бұрынғы адамзат баласы мен ата-бабаларымыз қолдарымен қашап жазып, кейінгі ұрпақтарына аманаттап қалдырып кеткен сыры ашылмаған құпия шежірелі тарихқа толы. Өкініштісі сол, олар көп жағдайда біздердің көзімізден елеусіз, тасада қалып келеді. Байырғы орындарынан жоғалып, ұрланып жатқандары да аз емес. Бір ғажабы таста сақталған тарих әр ауылда, әр өңірде жетерлік. Тек соларды бүгінгі ұрпақтардың көзіне көрсетіп, сол арқылы туған жерін тереңірек танып, білуге жетелеу жеткіліксіз болып отыр.
Қартайған 78-дегі жасыма қарамастан, өзім бас болып, Ақтоғай ауданының талабы таудай қарапайым төрт жігітінің көмек беруінің арқасында тегін шығарылған бұл фильмнің көрермендердің қызығушылығын тудыра бастауы, әр ауданның өңірінде тұнып тұрған табиғат байлығын жұртшылыққа кеңінен таныстыруға пайдаланылатын тартымды дүниелерді көбейтудің шақыртқысына айналса екен деген ниеттеміз.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің осы фильмді мақұлдап, мән беріп, республика өңіріндегі тарихи мұралардың қорлары көптеп шоғырланған аудандарда фильм авторының қатысуымен жеке шара ретінде көрсету туралы ұсыныстар жасауының өзі – Қарағанды облысында басталған қарапайым рухани шараның мазмұнын ашып, қадамын кеңейте түскендей.
Осы деректі фильмді түсіруге республикаға танымал тарихшы, археологтарымыз бен әрбір ауыл әкімдерінің қатыстырылуы, болашақта сол өңірдегі тарихи ескерткіштердің орналасу картасы мен әлеуметтік паспортын жасаудың бастамасы болар деп айтуға тұрарлық. Әр ауылдың тауы мен тасында, жазиралы сайын даласында сақталған көне тарихи мұраларды тереңірек танып, білудің бағдарлы жолдары кең арнамен ашыла түсіп, туған жеріміздің киелі қасиетіне деген құрметіміздің перзенттік парызға айналатындығына сенім артайық.
Тұңғышбай МҰҚАН,
өлкетанушы.